Cенбі күні Оңтүстік Қазақстан облысында «Rixos Khadisha» қонақ үйінде «Дағдарыс — мүмкіндік ретінде» атты бизне-конференция өтті. Конференция «ҚАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері Ассоциациясы, аймақтық кәсіпкерлер палатасы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды. Кәсіпкерлер бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, «ҚАЗКА» Басқарма кеңесінің төрағасы, «Global Chemical Company» ЖШС бас директоры Ж.Жанықұлов, макроэкономикалық зерттеулер орталығының басшысы, экономист О.Құдайбергенов, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ басқармасының төрағасы Ғ.Өзбеков, «Асадель Капитал» хедж-қорының басқарушы әріптесі М.Сейсембаев қатысты. Конференция барысында дағдарыс кезіндегі кәсіпкерлік қызметтің өзекті проблемалары, басымдық берілетін салалар, тәуекелділік аймақтары, бизнесті дамытудың сұранымға ие бағыттары қаралды. Сонымен қоса жиында персоналды басқару, өндірісті оңтайландыру мен жаңғырту, кадрлар саясатын оңтайландыру мәселелері талқыланып, Қазақстан бизнесін дамытудың жаңа идеялары ұсынылды. Конференцияға Қазақстанның барлық аймақтарынан экономиканың түрлі секторларынан 500-ден аса кәсіпкер, танымал сарапшылар қатысты. Жиынға қатысушылар «Көрме» орталығындағы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып, арнайы экономикалық аймақтағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысын аралап көрді.