Қазақтың қонақжайлығы, ұлттық тағамдары мен ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрі шетелдік меймандардың назарын аударды. Шымқала этноауылына 40 мемлекеттен келген инвесторлар мен бизнес өкілдері арнайы барып, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысты. Қонақтарға ұлттық өнер мен тұрмыс-тіршіліктің озық үлгілері ұсынылды. Этноауылға табан тіреген шетелдік меймандарды қазақтың дәстүрлі өнері мен ұлттық нақыштағы көріністері қарсы алды. Қонақтар халық әндерін тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Бұл — қазақтың мәдениеті мен қонақжайлығын танытудың ерекше үлгісі.
Мұнда әрбір бұйымның өзіндік тарихы, әрбір дәстүрдің терең мәні бар. Шара барысында келушілер асық атып, арқан тартысып, ұлттық ойындардың қызығына бөленді. Ал ауыл ақсақалдары ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын көрсетсе, ақ жаулықты әжелер текемет басып, таба нан пісіріп, құрт пен сары май әзірлеу дәстүрін таныстырды.
Ұлттық өнер мен салт-дәстүр тоғысқан бұл кездесу шетелдік қонақтарға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін жақынырақ тануға мүмкіндік берді. Осындай мәдени іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.










