Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, өңірлердің тартымдылығын арттыру және ішкі туризмді дамыту мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Бұл бағытта туристерге қолайлы жағдай қалыптастырып, әр қаланың өзіндік ерекшелігін танытатын мәдени-көпшілік іс-шараларды көбейтудің маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте мерекелік күндері ұйымдастырылатын ауқымды фестивальдер шаһардың туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға жол ашады.
Биыл Республика күні мерекесінде Шымкент аспаны мың батпырауыққа толып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. 25 қазанда Shymkent City Park саябағында өткен батпырауықтар фестивалі отбасылық демалысты мазмұнды ұйымдастырумен қатар, қаланың оқиғалық туризм бағытындағы әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді. Іс-шараны «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Фестивальдің ең әсерлі сәті – бір мезетте 1000 батпырауықтың көкке көтерілуі. Түрлі түске боялған әуе ойыншықтары саябақ үстінде қалықтап, мерекелік көріністі айрықша түрлендірді. Балалар үшін бұл қуанышты сәтке айналса, ересектерге отбасымен бірге демалып, ортақ әсерге бөленуге мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарлама аясында батпырауық ұшыру жарыстары, алып әуе құрылымдарының шоуы, балаларға арналған шеберлік сабақтары мен интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Концерттік қойылымдар, би нөмірлері мен диджейлердің музыкалық бағдарламалары да фестивальдің мазмұнын байыта түсті. Ал аниматорлар мен сабын көпіршіктерінің шоуы бүлдіршіндердің қызығушылығын оятты. Арнайы демалыс аймақтары қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында уақыт өткізуге жағдай жасады.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбековтің айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлаумен шектелмей, Шымкентті отбасылық демалысқа қолайлы қала ретінде танытуға ықпал етеді.
– Біз Шымкент тұрғындары мен қонақтарына жарқын эмоциялар сыйлап, Республика күнін жақындарымен бірге атап өтуге мүмкіндік беруді мақсат еттік. Мұндай іс-шаралар ерекше атмосфера қалыптастырып, адамдарды біріктіреді әрі қаланың туристік әлеуетін ашуға ықпал етеді. Шымкентте отбасылар мен өзге өңірлерден келетін қонақтарды тартатын іс-шаралардың көбейгені біз үшін маңызды, – дейді Заманбек Орынбеков.
Бүгінде туристік бағыттағы бәсекелестік тек тарихи орындар мен көрікті нысандардың санымен ғана өлшенбейді. Қалаға келушілер үшін демалыстың мазмұны, мәдени ортаның тартымдылығы, отбасымен уақыт өткізу мүмкіндігі және жыл бойы ұсынылатын іс-шаралардың алуан түрлілігі де маңызды. Осы ретте батпырауықтар фестивалі секілді бұқаралық шаралар Шымкенттің туристік күнтізбесін толықтырып, шаһардың танымалдылығын арттыруға қызмет етеді.
Шымкенттің бұл бағыттағы әлеуеті жоғары. Қолайлы климат, жасыл саябақтар, мәдени-тарихи орындар, ұлттық тағамдар мен қонақжайлық дәстүрі қаланың туристерді тартатын басты ерекшеліктерінің қатарында. Ал мерекелік фестивальдер осы мүмкіндіктерді кеңінен танытып, қала тұрғындарымен қатар, өзге өңірлерден келетін саяхатшыларға да жаңа демалыс тәжірибесін ұсынады.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір бөлігі – мотоцикл маусымының жабылуы болды. Оған Республика күнін бірге атап өтуге жиналған 200-ге жуық мотоциклші қатысты. Бұл фестивальдің мазмұнын түрлендіріп, түрлі қызығушылықтағы адамдарды ортақ мерекелік кеңістікке біріктірді.
Жалпы, мұндай бастамалар ішкі туризмді жандандыруға, қоғамдық кеңістіктерді тиімді пайдалануға және қаланың жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта оқиғалық туризмді жүйелі дамыту, ауқымды фестивальдерді тұрақты өткізу және оларды басқа өңірлерге кеңінен таныту Шымкенттің туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.
Республика күніне орай өткен батпырауықтар фестивалі мерекелік шараның ғана емес, қаланың туристік мүмкіндіктерін танытатын маңызды алаңның да үлгісіне айналды.
Мұндай жобалар арқылы Шымкентті қонақжай, белсенді өмір салты қалыптасқан және отбасылық демалысқа қолайлы қала ретінде кеңінен танытуға мүмкіндік мол.











