IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылып, мегаполистің өндірістік, көлік-логистикалық және кәсіпкерлік әлеуеті халықаралық инвесторларға таныстырылды
Шымкент қаласында алғаш рет IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Еліміздің инвестициялық саясатын талқылап, жаңа экономикалық серіктестіктер орнатуға арналған ауқымды жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі қатысты. Форум қорытындысында жалпы құны 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды. Бұл – Қазақстан экономикасына халықаралық капитал тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Форумның Шымкентте ұйымдастырылуы да кездейсоқ емес. Еліміздің үшінші мегаполисі географиялық орналасуы, халық санының өсуі, кәсіпкерлік белсенділігі, қалыптасқан өндірістік базасы мен көлік-логистикалық мүмкіндіктері арқылы инвестиция тартуға қолайлы орталықтардың біріне айналып келеді. Еуразияның маңызды сауда бағыттарына жақын орналасуы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізімен сабақтас инфрақұрылымы қаланың халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбымен өткен пленарлық отырысты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ашты. Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан халықаралық іскерлік қоғамдастықпен тікелей әрі ашық диалог орнатуға ерекше мән береді. Соңғы жылдары экономиканың тұрақты өсуі мен инвестиция тарту бағытындағы нәтижелер елдің халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейте түскен.
Өткен жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсіп, 300 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі жарты триллион долларға жуықтаса, соңғы бес жылда оның 100 млрд доллардан астамы игерілген.
– Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістер құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту аса маңызды. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы инвесторларды өңдеу және химия өнеркәсібі, машина жасау, азық-түлік өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық инфрақұрылым және жоғары технологиялық қалаларды дамыту бағыттарындағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтары алқабын қалыптастыру және Alatau City жобасын іске асыру секілді бастамалардың стратегиялық маңызын атап өтті.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Қазақстанда институционалдық қолдау тетіктері де жетілдірілуде. Kazakhstan Investment House арқылы қызметтерді «бір терезе» қағидатымен ұсыну, экспорт пен өнеркәсіпті қолдау құралдарын кеңейту, Altyn Visa арнайы визалық режимін енгізу, «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалану және инвесторлардың құқықтарын қорғау шаралары капитал тартудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Елдің инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтингтерден де көрініс табуда. S&P агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне көтеруі және Global Investment Risk and Resilience Index индексіндегі көрсеткішінің жақсаруы экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық ортаға берілген маңызды баға ретінде аталды.
Қазақстанда іске асырылып жатқан ірі жобалар халықаралық компаниялардың ел нарығына деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Атап айтқанда, Stadler Rail Астанада жолаушылар вагондарын өндіруді қолға алса, Carlsberg Group сусындар өндірісін дамытып жатыр. Harvest Agro Holding агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыруда, Mars үй жануарларына арналған азық өндірісін құруда, ал Air Liquide сутегі өнеркәсібін дамытуға үлес қосуда.
Пленарлық сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен қатар The Boeing Company президенті әрі бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс және Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер қатысты.
Форум барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің экономикалық және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін таныстырып, инвестиция тартудың басым бағыттарын баяндады. Соңғы бес жылда қаланың жалпы өңірлік өнімі үштен біріне ұлғайып, 13 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің экономикалық өсім қарқынын ғана емес, жаңа өндірістерді орналастыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықаралық компаниялармен әріптестік орнатуға деген әлеуетін де айқындайды.
Бүгінде мегаполисте 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын қала экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Кәсіпкерлік субъектілерінің ауқымды желісі Шымкенттің ішкі нарығының белсенділігін, еңбек ресурстарының әлеуетін және жаңа инвестициялық бастамаларды қабылдауға дайын екенін көрсетеді. Осы уақытқа дейін шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 7,5 млрд доллар болатын тағы 21 жоба іске асырылу үстінде. Бұл – мегаполистің инвестициялық дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Шымкентте халықаралық нарықта танылған CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics секілді компаниялар қызмет атқарады. Олардың өндірістік тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктері жергілікті өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Қаланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру үшін қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаңды кеңейту және жаңа металлургиялық өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың кеңеюін ескергенде, жаңа өндірістерді орналастыруға арналған аумақтардың жалпы көлемі 1 700 гектардан асады.
Бұл бастамалар инвесторларға өндіріс орындарын ашуға қажетті инфрақұрылым ұсынумен қатар, өнеркәсіп салаларын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе машина жасау, металл өңдеу, химия, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика және агроөнімдерді терең өңдеу бағыттары қаланың келешектегі индустриялық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналмақ.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі – көлік инфрақұрылымы. Қала Оңтүстік Қазақстандағы ірі экономикалық орталық ретінде ішкі және халықаралық сауда байланыстарында маңызды орын алады. Сондықтан әуе қатынасын, автомобиль жолдарын және логистикалық инфрақұрылымды дамыту жаңа инвестициялық жобалардың тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Қала әуежайының жаңа жолаушылар терминалының іске қосылуы халықаралық қатынастарды кеңейтуге жол ашты. Терминал жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Ал екінші ұшу-қону жолағын салу жүк және транзиттік тасымалдардың көлемін ұлғайтып, әуежайдың өңірлік логистикалық орталық ретіндегі маңызын арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы екі жылда Шымкенттен қатынайтын халықаралық әуе бағыттарының саны 10-нан 22-ге дейін өскен. Осы кезеңде жүк тасымалының көлемі 176 пайызға артқан. Мұндай өсім қаланың халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Жүк тасымалының дамуы өндіріс орындары үшін де тиімді. Өйткені шикізатты жеткізу, дайын өнімді экспорттау және іскерлік байланыстарды жеделдету кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, әуежай инфрақұрылымын жетілдіру Шымкенттің өнеркәсіптік және сауда-логистикалық әлеуетін өзара сабақтастыратын маңызды бағыт саналады.
KGIR-2026 форумының басты нәтижелерінің бірі – жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжаттың рәсімделуі. Олардың қатарында инвестициялық келісімдер, ынтымақтастық туралы меморандумдар және жаңа өндірістерді іске асыруға бағытталған бастамалар бар.
Қол қойылған құжаттар энергетика, көлік инфрақұрылымы, білім беру, медицина, цифрлық технологиялар, құрылыс материалдарын өндіру және агроөнеркәсіп салаларын қамтиды. Атап айтқанда, Қостанай облысында қуаты 1 000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр стансасын салу жөнінде 730 млн долларлық келісім жасалды. Қазақстанның автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін құруға 249,6 млн доллар бағыттау көзделген. Ал Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт салу жобасының құны 150 млн долларды құрайды.
Бұдан бөлек, 1 млрд доллар көлемінде 20 өңірлік инклюзивті мектептен тұратын желі салу, Құрық портында көпфункционалды терминал тұрғызу, «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» жобасын жүзеге асыру және қуаты 250 МВт болатын деректерді өңдеу орталығын салу жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Аталған бастамалардың ішінде Түркістан облысында 111,1 млн долларға ет кластерін құру жобасы да бар. Оның жүзеге асырылуы агроөнеркәсіптік өндірісті дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Астанада британдық білім беру моделіне негізделген университет кампусын салу, Қызылорда облысында полипропилен қаптары мен биг-бэгтер өндіретін кәсіпорын ашу секілді жобалар бойынша уағдаластықтар жасалды. Осылайша, форумда талқыланған бастамалар Қазақстан экономикасының түрлі салаларын қамтып, жаңа өндірістерге инвестиция тарту мен заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Форум аясында Шымкент қаласының әкімдігі мен халықаралық компаниялар арасында жасалған келісімдердің маңызы ерекше. Атап айтқанда, KÖKSAN компаниясымен ПЭТ-қаптамаға арналған преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөнінде 74,3 млн АҚШ доллары көлеміндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Жоба өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қаптама өнімдерінің өндірісін жолға қоюға және қайта өңдеу саласының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік кооперацияны нығайтуға және отандық нарықтағы сұраныстың бір бөлігін жергілікті өнім есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Dentafill Kazakhstan компаниясымен фармацевтикалық өндірісті дамыту мәселесі бойынша меморандум жасалды. Екі жобаға қатысты келісімдердің жалпы сомасы 82,8 млн АҚШ долларын құрайды. Фармацевтика саласындағы инвестициялардың маңызы зор. Өйткені дәрілік препараттар өндірісін кеңейту медициналық өнімдердің қолжетімділігін арттыруға, технологиялық құзыреттерді дамытуға және отандық өндірістің әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Бұл жобалар Шымкенттің инвестициялық саясаты тек қаражат тартумен шектелмейтінін көрсетеді. Қала үшін инвестицияның нақты экономикалық нәтижесі, яғни жаңа өндіріс орындарының ашылуы, тұрақты жұмыс орындарының құрылуы, технологиялық жаңару және өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуы маңызды. Форум барысында Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялардың өкілдерімен және әлеуетті инвесторлармен екіжақты кездесулер де өткізді. Кездесулерде бірлескен жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны дамыту және Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану мәселелері талқыланды.
Инвестициялық форуммен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Сапар барысында ол «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарын аралап, отандық өндірісті кеңейту мен кәсіпорындардың жобалық қуатқа шығу мәселелеріне назар аударды.
Бүгінде қалада жалпы аумағы ауқымды сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағының 90 пайызы игерілген, ал осы алаңдарда 354 жоба жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіштер өнеркәсіптік аймақтардың жаңа кәсіпорындарды орналастыруда және өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.
«Жұлдыз» индустриялық аймағындағы Wan Sheng Ceramic зауыты – осы бағыттағы ірі жобалардың бірі. Кәсіпорын керамограниттен жасалған бұйымдар шығарады. Компания бас директоры Лю Вэньциннің мәліметінше, биыл зауыт жылына 12–13 млн шаршы метр өнім өндіретін толық жобалық қуатына шыққан.
Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны ашылған. Аралас ұйымдарды есепке алғанда, өндіріс маңында 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Зауытта пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95 пайызы Қазақстан аумағындағы кен орындарынан алынады. Бұл жергілікті шикізат қорын тиімді пайдалану мен отандық өндірістің өзара байланысын нығайтудың айқын үлгісі. Кәсіпорын ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етумен қатар, өнімінің 40 пайызын ТМД елдеріне экспорттайды. Өндірісті одан әрі кеңейту жоспары да бар. Демек, Шымкентте өндірілген құрылыс материалдары ел ішіндегі құрылыс саласына үлес қосып қана қоймай, сыртқы нарықта да өз орнын қалыптастыруда.
«Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Asia Trafo» кәсіпорны энергетикалық жабдықтар өндірісін дамытуда. Компания басқарма төрағасы Дәуірбек Атеев Премьер-министрге өндірістік технологиялар мен шығарылатын өнім түрлерін таныстырды. Кәсіпорын күштік трансформаторлар, автотрансформаторлар және энергетикалық инфрақұрылымға қажетті өзге де жабдықтар өндіреді. Зауытта үшөлшемді жобалау, математикалық модельдеу және цифрлық басқару технологиялары енгізілген. Жылдық жобалық қуаты 12 мың МВА болатын кәсіпорын Қазақстанның 500 кВ-қа дейінгі кернеу класындағы қосалқы стансаларға арналған негізгі жабдықтарға деген қажеттілігінің 90 пайызына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өнімдер ірі энергетикалық нысандарға, соның ішінде жаңадан салынып жатқан жылу электр орталықтары мен электр стансаларына жеткізіледі. Кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Осы екі зауыттың тәжірибесі Шымкенттің индустриялық дамуының маңызды ерекшелігін аңғартады. Бір жағынан, қала құрылыс материалдарын өндіру арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспортқа шығып отыр. Екінші жағынан, күрделі энергетикалық жабдықтар шығару арқылы еліміздің инфрақұрылымдық тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуда.
Сапар қорытындысында Премьер-министр тиісті министрліктер мен қала әкімдігіне кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуге қажетті қолдау шараларын қабылдауды және индустриялық аймақтардың әлеуетін толық пайдалануды жеделдетуді тапсырды.
Шымкенттің индустриялық және кәсіпкерлік әлеуеті экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есе өскен.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7,4 пайызға өсіп, 580 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 10,5 млрд теңге сомасына 1 480 жоба қамтылған. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына және қала экономикасындағы жеке сектордың белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге экономикалық өсімнің әлеуметтік нәтижесі де назардан тыс қалмайды. Білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және азаматтарды әлеуметтік қолдау бағыттарына 439,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Мұндай шығындар қаланың өндірістік қуатын арттырумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді қамтиды. Инвестиция тарту ісінде өндірістік жобалардың әлеуметтік маңызы да ескерілуі тиіс. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы еңбек нарығын жандандырып, мамандарға сұранысты арттырады. Ал технологиялық өндірістердің көбеюі кәсіби дағдыларды жетілдіруге, жастарды жаңа мамандықтарға даярлауға және жергілікті кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге жол ашады.
Премьер-министрдің жұмыс сапары барысында автомобиль жолдарының сапасы мен көлік өткізу мүмкіндігін арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығының құрылыс барысымен танысты.
Құны 8,5 млрд теңгені құрайтын жобада ұзындығы шамамен 550 метр эстакада, 180 метрден асатын жол өтпесі және жаяу жүргіншілерге арналған үш жерасты өткелі қарастырылған. Төрт жолақты жол айрығының негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, көпір үстімен көлік қозғалысы ашылған. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Шымкенттің жол желісінің жалпы ұзындығы 3,8 мың шақырымға жуықтайды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтің мәліметінше, соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткен. Мегаполиске күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның шамамен 80 мыңы транзиттік қозғалысқа тиесілі. Халық санының артуы, қала аумағының кеңеюі және экономикалық белсенділіктің күшеюі жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені ұлғайтып отыр. Осыған байланысты соңғы уақытта П.Момынов және Қ.Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы көлік қозғалысы ашылды. Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы жол айрығын толық пайдалануға беру көлік ағынын тиімді бөлуге, кептелісті азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-министр жол салудағы басты талап тек құрылыс көлемін ұлғайту емес, нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Үкіметтік жұмыс тобы жол құрылысы стандарттары мен жолдардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарауда. Бұл ретте бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, мердігерлер жұмысының сапасына және құрылыс барысын цифрлық құралдар арқылы бақылауға басымдық берілуі тиіс.
Қаланың қарқынды өсуін ескерсек, жол инфрақұрылымын дамыту Шымкент үшін тек көлік мәселесін шешудің жолы емес. Сапалы автомобиль жолдары өндіріс орындарының логистикасын жақсартып, кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтады, тауар жеткізу уақытын қысқартады және инвесторлар үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастырады.
Жұмыс сапары аясында Шымкент әуежайын жаңғырту мәселесі де қаралды. Жоба бойынша құны 46,1 млрд теңге болатын екінші ұшу-қону жолағы мен бұру-қозғалу жолдарын салу көзделген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Екінші жолақтың іске қосылуы әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, әуе кемелеріне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл жүк тасымалының өсуіне, халықаралық бағыттардың дамуына және мегаполистің логистикалық орталық ретіндегі маңызының артуына ықпал етпек. Әуежай, автомобиль жолдары, индустриялық аймақтар және өндірістік кәсіпорындар біртұтас экономикалық жүйенің құрамдас бөліктері саналады. Олардың өзара үйлесімді дамуы инвестициялық жобалардың тиімділігін арттырып, Шымкенттің өңірлік және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Премьер-министр инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл талаптар жаңа нысандардың ұзақмерзімді тиімділігін қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының нәтижелі жұмсалуына негіз болмақ.
KGIR-2026 халықаралық форумы Шымкенттің экономикалық мүмкіндіктерін таныстырумен қатар, мегаполистің инвестициялық стратегиясын жаңа деңгейде көрсетуге мүмкіндік берді. Форум алаңында қол қойылған құжаттар еліміздің әртүрлі өңірлерін қамтығанымен, олардың бірқатары Шымкенттің өнеркәсіптік базасын кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық серіктестікті нығайтуға тікелей ықпал етеді.
Қаланың артықшылығы – қалыптасқан кәсіпкерлік ортасы, өндірістік алаңдары, еңбек ресурстары, ішкі нарығы және көлік-логистикалық мүмкіндіктерінің өзара сабақтасуында. Мұндай факторлар инвесторлар үшін жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Дегенмен инвестициялық саясаттың түпкі нәтижесі тартылған қаражаттың көлемімен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – келісімдердің нақты іске асуы, кәсіпорындардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жергілікті өндірістің дамуы және отандық өнімнің экспорттық әлеуетінің артуы.
Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте өткен халықаралық дөңгелек үстел қаланың жаңа экономикалық мүмкіндіктерін айқындаған маңызды оқиға болды. $4,8 млрд көлеміндегі 22 құжатқа қол қойылуы инвестициялық ынтымақтастықтың ауқымын көрсетсе, индустриялық аймақтардағы өндірістік жобалар мен көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бұл мүмкіндіктерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыруға негіз қалайды. Мегаполистің алдағы міндеті – инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеп, жаңа өндірістерді іске қосу, технологиялық жаңаруды жеделдету және экономикалық өсімнің игілігін қала тұрғындарына жеткізу. Осындай кешенді жұмыс Шымкенттің Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік, кәсіпкерлік және логистикалық орталықтардың бірі ретіндегі орнын нығайта түспек.













