Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, елдің дамуына қатысты бірқатар салалар мен келелі істер бойынша сөз сөйледі. Соның бірі — цифрландыру саласы.
Президент: «Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз.
Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.
Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек.
Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.
Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады».









