Шымкентте Республика күніне арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Айтулы жиында Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық мерекенің маңыздылығына тоқталды. Қала әкімі осынау мерекеге Шымкент қаласының да зор жетістіктермен келіп отырғанын баяндады. Биыл қалаға 928 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,1 пайыз көп. Алдағы үш жылда 3,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 2028 жылға дейін жүзеге асатын 220 инвестициялық жоба дайындалды. Бұл жобалар арқылы 29 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етеді.
Республика күні —елдік пен бостандықты, мемлекет бірлігі мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке. Рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи бейнемізді биікке көтеру – біздің ұрпаққа жүктелген асыл борыш. Айтулы шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық мерекенің мән-мағынасы жөнінде айтты.
Салтанатты жиында өзінің кәсіби міндеттерін сапалы атқарып, қоғамның ортақ мүддесіне адал қызмет еткен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматтар түрлі мемлекеттік наградалар, Алғыс хат және Грамоталармен марапатталды.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.