Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде елімізде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі тұрғындармен бірге мегаполистегі алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты. Мемлекет тарапынан білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Президент үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған еді. Аталмыш жоба аясында шаһарымызда алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. Бұл мектептер құжаттары толық дайын болғаннан кейін, оқу жылының екінші тоқсанынан бастап қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Мектептерді аралау кезінде қала әкімі тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, мектептер тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанына тоқталды. Техникалық ашылуы өткен Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 оқушыға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған екен.
Жайлы мектептерде Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылыпты. Сондай-ақ, хореографиялық кабинет және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг бар. Түрлі заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 11 жайлы мектеп қолданысқа берілуі керек. Ал жалпы ұлттық жоба аясында шаһарымызда 18 жайлы мектеп ашылуы керек.