Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмысы межелі уақытынан бұрын аяқталды. Жаңарту жұмыстарына 22 мердігер ұйым мен мыңдаған адам жұмылдырылған. Жылына 1 рет жөндеуден өтуі тиіс зауыт 4 жыл үздіксіз жұмыс істеп келген. Қызметін уақытша тоқтатып, тиісті құрылыс шараларына кіріскен. Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығының бір себебі де осы болған.

Дегенмен, өндіріс ошағы жинақталған қордан вагон цистерналары арқылы өнімді үздіксіз жөнелтіп отырыпты.Жалпы, зауытта сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланып отыр. Бұл елдегі жанар-жағармай және сұйытылған газ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша зауыт рекордтық көрсеткішпен, 6,2 млн тонна мұнай өңдеді.
Сондай-ақ, ел басшылығы, өндіріс ошағының өндірістік қуатын арттырып, мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойған болатын.









