«JAS TEAM KART» жобасы аясында студенттер картинг спорттық байқауынан сынға түсті. Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткен шараға Шаһарымыздың 7 оқу орнынан іріктелген жастар қатысып, үздік құраманы анықтады.
Арнайы спорттық шағын көлікпен сынға түсетін сайыс қаламызда алғаш рет биыл қолға алынып отыр. Жастар Ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған жоба «Спорт Вилла» ойын сауық кешенінде бастау алды. Мұнда Шымкент шаһардағы 7-ге жуық Жоғарғы оқу орындарының құрамасы жиналып, жалпы саны 35 студент командалық сайыс бойынша бақ сынасты. Жалпы мұндағы мақсат: жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын наихаттау болып отыр.
Қатысушылар ойын щарты бойынша 3 айналымды еңсеріп, 5 минут ішінде мәре сызығын кесуі қажет. Шапшаңдықпен қоса ой жүйріктігін сынға салатын бұл спорттық сайысқа бағын сынағандардың барлығы дерлік аса жоғары дайындықпен келген. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогиякалық Университетінің студенті Бақберген Мұратұлы. Оның айтуынша бүгінгі бәйгенінің берері мол. Себебі студент тартысты ойын барысында жаңа орта тауып, онымен қоса өзінің спорттағы батылдығын шыңдаған.
Бәсекелі бәйге нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Университеті бірінші орынға ие болды. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті 2-ші орынға табан тіресе, 3-орынды Жұмабек Тәшенов атындағы университетінің студенттері қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен кубоктар табысталып, қалған қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.










