Шымкентте «Ана мен бала» орталығы салынады. Бұл жайында қаламыздың бас сәулетшісі мәлімдеді. Оның айтуынша мекеме «Ақжайық» тұрғын алабынан бой көтермек. Келелі кездесуде аумақтың даму жоспары таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Алқалы жиында тұрғын алаптың егжей-тегжейлі жоспарынан бөлек қалалық әуежай аумағындағы іргелес орналасқан аумақтың да жобасы ұсынылды. Жиналған азаматтар «түн ұйқымыз» төрт бөлінді деп налиды. «Сиыр құйымшақтанып» кеткен мәселе қалай, қайтіп?жауабын табады деген бұқара билікті кінәлайды. Ал жауаптылар тұрғындарды жазғырады. Дегенмен халық арасынан өз ұсынысын білдіріп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да» сындырмайтын шешім тауып, ұсыныс білдіріп жатқан азаматтарда табылды.
Бас сәулетшінің сөзінше ұшақтың ұшып-қонатын аумағындағы 100 метрге дейінгі радиустағы үйлер көшетін болса тиісті суммадағы үлесін алады. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар орынды екенін айтқан басқарма басшысы өз пікірін білдірді.
Қалай десекте бұл мәселе әлі де талай зерттеліп, зерделенеді. Алдағы уақытта КазАвиацияның шешіміне, қала бюджетіне қарап жұмыс жобасы жасалады. Ал шаһардың бас сәулетшісі бұл біздің құзіреттен тыс нәрсе деп ағынан жарылды.









