Шымкент қаласының жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Шымкент қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы М.Бұхарбаевқа қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазір Ішкі істер министрлігіне оны қызметінен босату туралы ұсыныс жолданды», — делінген хабарламада.
Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Шымкент Полиция департаменті рота офицері-командирінің видеосы жарияланды. Кадрда ол Қазақстан Президенті мен ішкі істер министріне жүгінеді. Офицердің айтуынша, Шымкент Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Мұхтар Бұхарбаев оны қымбат заттар — жиһаз, жабдық, iPhone-ға құлаққап сатып алуға мәжбүрлеген.
«Дәлелдерді тергеуге бердік. Барлық дәлелге қарамастан, Бұхарбаев әлі күнге дейін өз орнында отыр. Іс Шымкент қаласының ҰҚК-не тапсырылды. Арызымды алу үшін маған белгісіз адамдар 10 миллион теңге ұсынып отыр. Мен адал полиция қызметкерімін, оны қабылдамаймын», — деді видео авторы.