Еліміздің және ТМД-ның денсаулық саласында аты аңызға айналған Төрегелді Шарманов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Бейбітшілік және прогресс сыйлығымен марапатталды.
Президент Жарлығымен бекітілген арнайы төсбелгі мен құжатты академикке мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербек табыс етті. Елбасы мен Мемлекет басшысының дұғайы сәлемін жеткізген мемлекеттік хатшы Төрегелді Шармановқа денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегі үшін алғыс білдірді.
Қырымбек Көшербаев академиктің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі ұшан теңіз екенін айтып, қазақ елі ғана емес ТМД-ның медицинасын алға сүйреген азаматтың бірі екенін тілге тиек етті.
Оның нақты мысалы ретінде 1978 жылы Алматыда қабылданған ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының хартиясы. Бұл құжат әлі күнге дейін дүниежүізілік денсаулық сақтау саласының бір мақтанышы саналады екен.
Өткен жылы ДДСҰ өзінің конференциясында Алматы декларациясының ХХІ ғасырда да өзекті екенін айтып, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық ретінде алғашқы медициналық көмек қала береді деп қаулы қабылдады. Денсаулық сақтау саласының болашағын және негізгі басымдықтарын айқындаған үлкен құжаттың қазақ жерінде, Алматыда қабылданғаны, оның ішінде Төрегелді Шарманұлының бастамасы болғанын біз мақтанышпен айтамыз. Ал тоқсанның төріне шыққан академик бүгінде дұрыс тамақтану бағытында толайым табыстарға жетіп, медицина мен ұлттық дәстүрді ұштастырған ғалым өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ерен еңбек сіңіріп келеді, – деді Қырымбек Көшербаев.
Өз кезегінде Төрегелді Шарманов Елбасы мен Мемлекет басшысына алғыс айтты. Жастарға өсиетін жеткізді.
Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек. Халыққа, елге, ортаңа адал қызмет қылсаң, бақ пен береке өз аяғымен келеді, – деді Төрегелді Шарманов.