Бүгін, яғни 7 сәуір Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толды. Мерейтойға орай Түркістан облысында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі күш атасына арналған қазақ күресінен облыстық жарыс. Жасөспірімдер арасындағы ашық турнир балуанның туған жері Отырар ауданында өтті. Екі күнге созылған облыстық турнирге Түркістан облысының аудан-қалаларынан бөлек, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан және Шымкент қаласынан жас балуандар келді. Барлығы 300-ге жуық спортшы 10 түрлі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өз өңірлерінің намысын қорғады.
Жарысқа қатысушы 10-11 сынып оқушылары.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған жарыс 7 сәуір күні қорытындыланып, жеңімпаздар түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталды және арнайы сыйлықтар мен Қажымұқан балуанның мүсіні табысталды. Төрешілердің шешімімен турнирде «Ең үздік спортшы» номинациясын облыстық Б. Саттарханов атындағы спорт мектебінің үміткері 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бақберген Қалдар жеңіп алды. Одан бөлек, әр салмақ түрінен жеңімпаздар анықталып, барлық қатысушылар олжалы қайтты. Ал, алып балуан дүниеге келген Отырар ауданының спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді қанжығасына байлады.
Айта кетейік, қазақ халқының мақтанышы, жауырыны жерге тимеген алып Қажымұқан Мұңайтпасұлы орасан зор күш иесі болған. Әлемнің 54 елін арлап, күрестен жарысқа түсіп, 48 алтын медаль олжалаған.
Бүгінде жас спортшылар осындай мықты балуан болуды мақсат етеді.
Айғақ-ақпарат