Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. 1 қыркүйекте басталған науқан 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Осы кезеңде қаладан 18 бен 27 жас аралығындағы 1300-ден астам азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері мәлімдеді. Мамандар әскерге шақыру тәртібі, азаматтарды іріктеу талаптары және әскери қызмет өткерген жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер жөнінде түсініктеме берді.
Қазіргі таңда әскерге шақырылушылар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық тексеруден, кәсіптік-психологиялық іріктеуден және жеке әңгімелесуден өтуде. Әр азаматтың әскери қызмет түріне бөлінуі оның денсаулық жағдайы, медициналық тексеру қорытындысы, психологиялық дайындығы мен жалпы дайындық деңгейіне қарай жүргізіледі. Әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Ал азаматтарды әскери қызметке шақыру мәселесін шақыру комиссиясы қарайды. Науқанның алғашқы кезеңінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Бұдан кейін Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері толықтырылады. Қазірдің өзінде Шымкенттен 160-қа жуық азамат Шекара қызметінің бөлімшелеріне, сондай-ақ 160-қа жуық жас Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жіберілген. Олардың барлығы белгіленген медициналық және психологиялық іріктеуден өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылған.
Әскери борышын өтеген азаматтарға бірқатар әлеуметтік және білім беру бағытындағы жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, әскери қызмет өткергендерге 14 айға дейін кредиттік демалыс беру, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі, сондай-ақ жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алу сияқты мүмкіндіктер ұсынылады. Бұл шаралар әскери қызметті тек азаматтық міндет ретінде ғана емес, жастардың білім алып, кәсіби бағдарын айқындауына және одан әрі еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік беретін кезең ретінде қарастыруға бағытталған.
Әскерге шақыру туралы хабарламалар азаматтарға тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша табысталады. Сонымен қатар 1414 бірыңғай байланыс орталығының сервисі арқылы SMS-хабарламалар жіберіледі. Әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату заңнамада белгіленген негіздер бойынша рәсімделеді. Бұл қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы да алуға болады. Қазіргі таңда кейінге қалдыруды ұсыну процесі автоматтандырылған. Студенттер туралы мәліметтер тиісті министрліктердің ақпараттық базаларынан Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне тікелей беріледі. Ал шетелде білім алып жатқан азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы студент мәртебесін растай алады.
Сонымен қатар әскери қызметке шақырудан заңсыз жалтарған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Брифинг барысында көктемгі әскерге шақыру науқанының нәтижелері де жарияланды. Оның қорытындысы бойынша Шымкенттен Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 1200-ге жуық азамат жіберілген. Ал күзгі шақыру науқаны жыл соңына дейін жалғасады. Әскери қызметке шақырылатын азаматтарды іріктеу барысында заң талаптарының сақталуы, медициналық тексерудің сапалы жүргізілуі және әр азаматтың денсаулық жағдайы мен жеке ерекшеліктеріне сәйкес әскери бөлімге бөлінуі басты назарда болады. Әскерге шақыру науқанының жүйелі ұйымдастырылуы – азаматтардың конституциялық міндетін орындауын қамтамасыз етумен қатар, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.











