Қазан айының 29-шы жұлдызында Ордабасы ауданында кезекті қоғамдық қабылдау өткіздім. «Amanat» партиясының филиалында өткен кездесуге алдын-ала 3 азамат жазылыпты. Кемер ауылының тұрғыны Бахарам Мұхаммеджан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 220 гектар жерге сапасыз ұңғыма қазылғанын, соның салдарынан егінге қажетті су шықпай жатқанын жеткізді.

Аудан азаматы Жақсылық Полат Мұхтарұлы өз қаражатына ұңғыма қаздырып, енді оны электр желісіне қосуға көмек қажет екенін айтты.
Үшінші азамат Арыслан Берікбайұлы ауыл шаруашылығына арналған жерге қосымша жаңа ұңғыма салуға мемлекет тарапынан қолдау болса деген өтінішін білдірді.
Бұл — ауыл шаруашылығымен айналысатын Кемер ауылы тұрғындары үшін өте маңызды мәселе. Сол себепті, алдағы аптада аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мейрамбек Ақмұратовпен бірге жердің басына барып, жағдайды өз көзімізбен көріп, шаруалармен баламалы шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға келістік.
Аталған мәселе бойынша «ҚазСуШар» мекемесінің облыстық филиалынан да жауапты мамандар шақырылмақ. Халықтың ұсынысы мен өтініші — әрқашан назарда. Мақсат – мәселені бірге талдап, нақты нәтижеге қол жеткізу.












