Қатысушылардың айтуынша, шежіренің қайта толықтырылуы – ұлт тарихына деген құрметтің бір дәлелі. 15 жыл бұрын жазылған еңбек бүгінде ұрпақ санының артуына орай кеңейтіліп, жаңа деректермен толықтырылған. Жиында ұрпақтар арасындағы байланыс, тәрбие және ұлттық құндылықтардың маңызы кеңінен сөз болды. Шараның жалғасы ағаш отырғызу акциясымен толықты. Меценат Әсет Қайыпбектің демеушілігімен 30 дан аса шынар ағашы отырғызылды. Шараға қатысушылар «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұстанды. Қала аумағын көгалдандыруға бағытталған игілікті бастамаға зиялы қауым өкілдері де үлес қосты. Ағаш отырғызу – ұрпаққа қалатын аманат, табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі екені анық.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен акцияда келген жұрт бірігіп еңбек етті. Бұл шараның мақсаты тек шежіре шығару емес, қоршаған ортаға қамқорлықты насихаттайтын бастама екенін атап өтті. Ағаш көшеттері даңғыл бойына әсем көрік беріп, жаңа демалыс аймағына айналуға негіз қалады. Ақсақалдар алдағы уақытта да осындай шараларды тұрақты түрде жалғастыру қажет екенін атап өтті. Зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар бұл күнді ұрпақтар жадында сақталатын ерекше тарихи сәт деп бағалады. Олардың айтуынша, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымдастырылған мұндай шаралар қоғамның бірлігін арттырады. Шежіре – өткенді түгендеп, келешекке бағыт беретін құнды мұра екені тағы бір мәрте дәлелденді. Рухани және экологиялық мазмұндағы ауқымды жиын елдік ұстанымды нығайтқан игілікті іс.
