Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік концерті өтті. Шара барысында бірлестіктің дамуына зор үлес қосқан корей қоғамының ардагерлері мен белсенді мүшелеріне алғыс хаттар мен марапаттар тапсырылды. Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен Корей театры жұмыс істейді. Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады. Корей бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр.
Осыдан 35 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді.