Үйіңіздегі ит пен мысықты чиптеуден өткізесіз. Есепке алу жұмыстары бұрын да жүргізілген, бірақ ол міндетті емес еді. Енді жануарлардың жауапкершілігіне иесі салғырт қараса айыппұл арқалайтын болады. Үй жануарларын чиптеу 1 қыркүйектен басталмақ. Ия, қағыс естімедіңіз. Жаңа оқу жылы басталған күні балаңызды мектепке апарған соң, іле-шала ит пен мысығыңызды есепке қоюға асығыңыз. Әйтпегенде, 10 АЕК-тен 30 айлық көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынады.
Ақпаратқа сәйкес, ірі қалаларда жануарларды чиптеу қызметінің бағасы 3 жарым мыңнан 8 мың теңге аралығында. Чиптелгеннен кейін жануар иесіне ветеринарлық төлқұжат беріледі. Онда олардың 15 таңбадан тұратын сәйкестендіру коды, жануар туралы ақпарат, тіпті, иесінің байланыс деректері мен медициналық картасы секілді ақпараттар негізгі бетке орналасады.
Егер үй иелері жануарларын чиптеуден жалтарса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 407-2 бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Мұнда жеке тұлғаларға 10, лауазымды тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл қаралған. Яғни, 34 500 теңгеден 103 500 теңгеге дейін қаржы төлейсіз. Ал, жануарларда жазатайым жағдай орын алса не болады?
Үй жануарларын есепке алу жұмыстары бұрын да жүргізілген, бірақ ол міндетті емес еді. Адамдар жануарларын шетелге алып шығу үшін немесе олардың қауіпсіздігі үшін өздері чиптеген. Мысалы, иттер қашып кетіп келмей қалғанда тауып алу үшін. Яғни, жоғалған итті тауып алғанжағдайда оның иесін табу оңай болады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭТРМ) Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, былтыр қыркүйек айының соңында елімізде тіркелген ит пен мысық саны 730,7 мың болған. Оның 83,5%-ы немесе 610,2 мыңы үй жануарлары мен қызметтік иттер болса, 16,5%-ы немесе 120,5 мыңы қаңғыбас жануарлар.