Шымкентте жасөспірімдердің психологиялық жағдайымен айналысатын арнайы орталық жұмыс істейді. 2025 жылы құрылған мекеменің негізгі міндеті – суицидтің алдын алу. Алайда, маңызды салада бүгінгі таңда мамандар жетіспей отыр. Әр баланың тағдырына тікелей әсер ететін орталықта 44 бос орын бар.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы Шымкентте мектеп жасындағы балалар арасында суицидтің 11 дерегі тіркелген. Әрбір жағдай – бір отбасының қайғысы. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың алдын алуда ең бастысы – баланың ішкі жан дүниесін дер кезінде түсіну. Ол үшін ата-ана, ұстаз және психолог арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс. БАҚ өкілдерімен кездескен шаһардың бас ұстазы бұл тақырыпқа қатысты статистиканы ортаға салды.
Қалада арнайы орталықтың болуы – маңызды. Мегаполистегі білім беру ұйымдарында 482 мыңнан астам бала бар екенін ескерсек, сала мамандарының жетіспеуі дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігін шектемей ме деген сұрақ туындайды?
Мектептерге құзырлы органдар тарапынан арнайы тәлімгерлер бекітілген. Бұл – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Жалпы алғанда, Шымкентте жасөспірімдермен жұмыс істеуге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Арнайы орталықтың құрылуы, мектептерге тәлімгерлердің бекітілуі және құзырлы органдармен бірлескен жұмыс – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен, мамандар тапшылығы, психологиялық көмектің қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе.









