Климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент — инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда. Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ,
жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде.
Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі — 161,3 млн теңгені құрайды.
Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру,
синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.
Инвестиция тарту мәселесі — тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.
Шымкент қаласына қомақты инвестиция салуға көршілес Ресей елі де ниетті. Қазақстанның іргелес көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы саяси шешімдері Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайтуға және дағдарыс кезіндегі экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Қазақстан осы уақытқа дейін жүргізген дипломатиясы арқылы Ресеймен қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып келеді. Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда тұрақты кездесулер мен ең жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25%-ға өсіп 8,8 млрд. долларды құрады.
Ал еліміздің мегаполисі Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға артуда. Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асып келеді. Мәселен, «Hevel Kazakhstan» ЖШС (Ресей) – инвестициялық құны 6,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» ЖШС инвестициялық құны 60 млн. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін өндіретін жобаны бастап кетті. Өндіріс орны 2023 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШҚ (Ресей/Қазақстан) — инвестициялық құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны қуаттылығы жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығарады. Іске асыру мерзімі – 2023 жыл. Инвестициялық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Инвестиция жалпы, елдің экономикалық өсу қарқынын анықтай отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларға, түптеп келгенде халықтың әл-ауқатының артып, тұрмысының көтерілуіне оң әсер етеді. Инвестицияның артуымен Шымкентте құрылыс, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тамақ индустриясы, туризм және басқа да салалар қарқынды дамып келеді.
Еліміз көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, сауда-саттық, қауіпсіздік және басқа да өзекті мәселелер бойынша оңтайлы саясат жүргізуде. Осы орайда елімізбен іргелес жатқан Қытай мемлекеті мен арадағы байланыстың маңызды екені анық. Өйткені, әлемдік экономикадағы жетекші орынға ие бұл елмен орнатылған қарым-қатынас ерекше мәнге ие.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Шымкент еліміздің кәсіпкерлік және индустриалды орталығына айналып үлгерді. Қаламыз отандық, шетелдік бизнес өкілдерінің қызығушылығын арттыруда. Шымкент аумағында Қытай инвесторларының қатысуымен 1,36 млрд. АҚШ долларын құрайтын 4 жоба жүзеге асырырылуда. Олардың ішінде ауқымдысы — Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы. Бұл жобаның құны 1,3 млрд.АҚШ долларын құрайды. 2018 жылы пайдалануға берілген зауытта 380 адам адам жұмыс істейді. Ал бекіткіш бұйымдар өндірісімен айналысатын «Шымкент крепеж» жобасының құны 3 млн.АҚШ доллар. 2018 жылы іске қосылған зауытта қазір 40 адам жұмыс жасауда.
Шымкент қаласында жаңа «Бозарық» индустриалды аймағы салынуда. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақтың 2023 жылы инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салуды аяқтау жоспарлануда.
Бүгінгі таңда онда орналастырылатын құны 18 млрд. теңгені құрайтын 27 инвестициялық жобалар әзірленді. Олардың бірі құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын консервіленген және өзге де өнімдерді, жартылай фабрикаттарды өндіру және орау үшін көкөністерді, ет өнімдерін, жемістер мен жидектерді өңдеу зауыты. Сонымен қатар, құны 1,5 млрд. теңге тұратын консервіленген ет өндірісі бар. Мұнан өзге косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарын өндіретін зауыт, кондитерлік өнімдер өндіру, түрік шұжықтарын өндіру, нан үгіндісін өндіру, сүт өнімдерінің өндірісі, құрама жем өндіру жобасы бар. Сондай-ақ, сұйық май өндірісі, макарон өндіру, етті қайта өңдеу жұмыстары жасалмақ.
Ал, өндірісті «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы аумағына орналастыру кезінде инвесторға жалдау шартымен инфрақұрылымы жүргізілген дайын жер телімі беріледі.
Индустриялық аймаққа орналасу үшін «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның Шымкент қаласындағы Филиалы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясынан қажетті құжаттардың тізбесін тапсырып, өтінім жазу керек. Басқарушы компания қажетті құжаттар тізбесін 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Сонымен бірге компания қажетті құжаттарды Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 1 жұмыс күні ішінде жібереді.
Сондай-ақ, қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб тұрақты қызмет атқарады, онда инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелер қарастырылады және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болда.
Жаңа инвесторлардың көбейіп, жұмыс орындарының көптеп ашулуы қаламыздың жұмыссыз азаматтарына да оң әсерін тигізетіні анық. Мәселен, биылдың өзінде 8 мыңнан аса жас жұмыспен қамтылған.
«2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру жүргізілуде.
Биылғы жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі нәтижеге сәйкес Шымкент қаласы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғандар саны 8 319 адамға жетті.
Олардың ішінде:
— 156 жас skills.enbek.kz/kk платформада талап етілетін дағдылары арқылы онлайн-оқытылды;
— 129 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды;
— 768 адам жастар практикасына;
— 1289 адам қоғамдық жұмыс орыны;
— 652 адам алғашқы жұмыс орнына;
— 9 адам «Ұрпақтар келісім шарты» бойынша жұмысқа тартылды;
— 3 594 адам business.enbek.kz/kk «Бастау Бизнес» жобасы аясында (онлайн платформасы арқылы) оқып сертификатқа ие болды;
— 47 адамға комиссияның қорытындысына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант берілді;
— 1 675 жас бос жұмыс орындарына жолдамамен жолданды.
Шымкент қаласының жұмыс іздеуші жастары тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.