Белгілі сатирик Көпен Әмірбек 73 жасына қараған шағында өмірден өтті. Бұл қаралы хабарды оның отбасы мүшелері хабарлады.
Отырардың тумасы Көпен Әмірбек 1975 жылдан шығармашылықпен айналысып, «Қазақ әдебиеті», Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара — Шмель» журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген. «Ара» журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Көптеген әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танымал болған сатирик. Өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрермендердің көзіне түскен.