Бүгінде этнос өкілдері қазақ тілін еркін меңгеріп, қоғам өміріне белсенді араласып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында Шымкентте мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы атты қалалық байқау ұйымдастырылды. Сайыс барысында қатысушылар қазақ тіліндегі білімдері мен шешендік қабілеттерін танытып, мемлекеттік тілге деген құрметін көрсетті.
Қазақ тілі – Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдерін топтастыратын мемлекеттік тіл. Аталмыш байқауға 18 жастан асқан қатысушылар қатысты. Олар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің маңызы туралы бейнематериал әзірледі. Ал екінші кезеңде қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану тәжірибесі мен тілдік сауаттылықтарын көрсетіп, өз ойларын еркін жеткізу бойынша сынға түсті.
Сайысқа 30 қатысушыдан өтінім түсіп, оның 12-сі байқаудың негізгі кезеңіне қатысты. Солардың бірі – қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыс ұлтының қызы Ангелина Николаевна. Ол бала кезінен қазақ тіліне қызығушылық танытып, бүгінде мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп жүр.Осындай игі шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын оятады. Сондай-ақ қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді.










