Иманғали Тасмағамбетовтің елші қызметінен кеткені туралы былтыр 18 желтоқсанда шыққан ақпарат ел ішінде кәдімгідей дүрбелең туғызды. Саяси элита арасындағы тартыс күшейген тұста танымал тұлға енді қандай қызметке тағайындалар екен деген сұрақтың маңызы арта түсті. Алайда, Ақорда Мемлекет басшысының жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовті зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатты.
Одан бері алты ай уақыт артта қалды. Иманғали Нұрғалиұлы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының анасы қайтыс болғанда Алматыда төбе көрсетті. Содан бері белгілі саясаткер бұқара алдына шыққан емес.
Тасмағамбетовтің жақын әрі үзеңгілес досы, Қазақстанның Халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов Azattyq Rýhy тілшісіне саясат сахнасынан кеткен белгілі тұлғаның немен айналысып жүргенін айтып берді.
«ТЕПСЕ, ТЕМІР ҮЗЕТІН КЕЗІ ЕДІ ҒОЙ…»
Актердің айтуына қарағанда Иманғали Тасмағамбетовті соңғы рет 17 мамырда көрген. Бірақ телефонмен жиі сөйлесіп тұратынын айтты. Екі-үш күн Алматыда болып, жақында астанаға кетіпті. Жолжақсыновтың айтуынша, негізінен немерелеріне қарайды. Олар екі қалада тұрады екен.
«Еш айтарлықтай жоспары жоқ. Емделіп, демалып, отбасы қасында, немерелеріне қарайды, бүкіл шаруасы осы. Кітап оқиды. Денсаулығына қарайды. Осындай енді. Таяқ ұстап тұрған кәрі емес. 63 жас деген пайғамбардың жасы дегенімізбен, Шариғат туралы, пәлсапалық тұжырымдар жайлы, жақсы-жақсы тәлімді әңгімелер айтатын жас қой бұл өзі», — дейді досы туралы актер.
Жолжақсынов Тасмағамбетов жоғары жақтың шешімін қиналмай қабылдағанын айтты. Бірақ досы үшін белгілі актердің өзі күйінетін сияқты.
«Айтпаса, сөздің атасы өледі. Қызметке келгенде нағыз тепсе, темір үзетін кезі еді ғой. Біріншіден, өмірлік тәжірибесі де, қызмет, саясат жолында да тәжірибесі жетеді. Енді демалысқа шыққаннан кейінгі тірлігі осы болып қалды. Бірақ оның көңілін, көкірегін ашып көру оңай шаруа емес. Өзі мықты азамат болған соң, білдірмейді. Негізі, іші-сыртының бәрі көзінен көрініп тұратын тазалығы бар. Бәріміздің тірлігіміз осы енді. Зейнетке шыққан соң, 5-6 тиынды күтеміз. Ол немерелеріміздің ойыншығынан аспай қалады.
Ешқандай қоғамдық жұмысы жоқ. Қолдан келген дүниелерді елшілікте жүргенде де істеді. Сол жақтағы қазақтардың басқосуына да, олардың ұлттық құндылықтарды тануына да біраз ықпал жасады. Біраз батырларымыз бен тұлғаларымызға ескерткіш ашуға себепші болды. Қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазір енді (қызметке — AR) шақырса да бармайтын шығар. Жан-жаққа тартуы мүмкін. Билікке қарсылар да, билікті жақтайтындар да. Қоғам болған соң болады», — деп өкінішін білдірді Жолжақсынов.
ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ЖАСТАР КОНГРЕСІН БАСҚАРА БЕРЕДІ
Мемлекеттегі ең маңызды посттардың бірінде отырған тағы бір белгілі тұлға жуырда орнын босатты. Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамырда Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Тастамағабетовтен кейін, қоғамда ең қызу талқыланған тақырыптың бірі осы болды.
Бір айдан бері жұмыссыз отырған саясаткер шетелге көшіп кетіпті деген дақпырт да тарап жатқан. Сенаттың экс-спикері өткен аптада Жастар конгресі кеңесінде отырыс өткізді. Ұйымның Instagram-дағы реcми парақшасына видео жарыққа шықты.
A post shared by ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ КОНГРЕСІ (@jascongress) on Jun 3, 2020 at 6:36am PDT
Айта кетейік, Дариға Назарбаева Қазақстан жастар конгресін 2016 жылдан бері басқарады.
ҮЛКЕН МЫРЗАХМЕТОВ КАРАНТИНДЕ
Биыл ақпан айында Қордай оқиғасынан соң қызметінен босатылған Асқар Мырзахметов Алматыда тұрып жатыр. Өзін Нұрбол деп таныстырған, бұрынғы Жамбыл облысы әкімінің көмекшісі Azattyq Rýhy тілшісіне төмендегідей қысқаша ақпарат берді.
«Асқар Исабекұлы шетелде емес, Қазақстанда. Қандай кәсіппен айналысатынын білмеймін. Ақпан айында қызметтен кеткен соң екі айдай карантинде болды. Қызметте қайда болса, сонда тұрады ғой. Бірақ негізгі үйі Алматыда. Жеке шаруалары туралы білмеймін. Жұмысқа қатысты ғана хабарласып тұрамыз. Басқа мән-жайларды айта алмаймын. Ол кісінің өзіне хабарласып біліп берейін», — деді көмекшісі.