Жамбыл облысының 80 жылдығы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағдарламалық мақалаларды жүзеге асыру аясында Жамбыл облыстық қазақ драма театрына ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімінің берілуіне орай — осы үлкен тұлғаға арналған ескерткіштің тұсау кесер салтанаты өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты мен міндеті — мәдениет пен өнерді дамытуға ат салысу және қолдау жасау. Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры алдына ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпановқа арналып бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына Республиканың түкпір-түкпірінен арнайы қонақтар келді. Сондай-ақ, А. Тоқпановтың өз кіндігінен тараған ұрпақтары да қатысты.

Ескерткіштің шымылдығын КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов және Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ашып, мерейтой қарсаңында керемет тілегін жеткізді.
Жаңадан бой көтерген ескерткішке Есмұхан Обаев пен Гүлжан Әспетова секілді өнер қайраткерлері гүл шоқтарын қойды. Одан әрі, жиналған қонақтар театрдың үлкен залына еніп, Тоқпановтың өмірі, өнер жолы жайында жазылған «Тоқпанов тұлғасы» атты кітаптың лентасын қию рәсіміне қатысты.
«Айғақ» ақпарат