⚡️Түркістан төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты рәсімде елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, қоғамдық тұрақтылық пен рухани құндылықтарды нығайтуға сүбелі үлес қосқан тұлғалардың еңбегі жоғары бағаланды.
⚡️Осы марапатқа ие болғандардың қатарында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш те бар. Ол ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
⚡️Дулат Әбіш – билік пен бұқараның арасында алтын көпір орнатып, халықтың мұң-мұқтажын мінберден батыл көтеріп жүрген халық қалаулысы. Әсіресе, сайлаушылардың әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерін шешуде жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, ақпарат саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ұлттық журналистиканың дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәсіби маман.
⚡️Ол басқаратын «Айғақ» телерадиокомпаниясы өңірдегі өткір мәселелерді көтеріп қана қоймай, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған мазмұнды жобаларымен де танымал. Арна арқылы қоғамдағы өзекті тақырыптар кеңінен қозғалып, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына ықпал етіп келеді.
⚡️Мемлекет басшысы атап өткендей, ел дамуы – әр азаматтың адал еңбегі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда Дулат Назарбекұлының көпжылдық еңбегі мен қоғамдық белсенділігі жоғары мемлекеттік марапатпен лайықты бағаланды.
⚡️Бұл марапат – өңір журналистикасының, елдік мүддеге қызмет етіп жүрген ақпарат саласы өкілдерінің еңбегіне берілген баға деуге толық негіз бар.