— Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен және өңір ардагерлерімен бас қосып, соңғы кездері қоғамда орын алған келеңсіз оқиғаларды келешекте алдын алуға бір кісідей атсалысып, көмек қолын созуға шақырды. Жиынға облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, жазушы Мархабат Байғұт сынды ел ағалары бастаған игі жақсылар қатысты. Аймақ басшысы, ең алдымен, Түркістан облысында өткен жылы атқарылған оңды істерге тоқталып өтті. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты әрбір саладағы жетістіктерді жіктеген әкім соңғы уақытта БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде шу тудырған жастар арасындағы әлімжеттік, бала тәрбиесіне қатысты алаңдаушылығын білдірді. Қоғамдық кеңес отырысына келіп, облыс әкімінің сөзін бірауыздан қолдап, көмектесуге дайын аға буын өкілдеріне алғысын білдірген Жансейіт Қансейітұлы бұл ретте, тек ақсақалдар жағы ғана емес, Түркістан облысындағы барлық қоғамдық ұйымдар, алқалар бір-бір бастама көтеріп, елді ұйыстыруда біріге жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
— Түркістанға арнайы іс -сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік университетінің студенттерімен кездесті. «Цифрлы Қазақстан» «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңінен айтып, жастармен ашық сұхбат құрды.
— «Айғақ» арнасы тағы да ақпараттық тың жобаны бастап отыр. Ол өңірлердің өсуі деп аталады. Бүгін, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 2018 жылды қорытындылаған есептік кездесуіне қатысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жоспарларымен танысты. Қызылорда қаласының бюджеті 2018 жылдың басында 42,1 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңында 51 млрд. теңгеге жеткен. Бұл бюджет көрсеткішінің жыл басынан бері 21 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Қаржыландырудың 41 пайызы – білім, 18 пайызы – құрылыс, 14 пайызы – коммуналдық шаруашылыққа бағытталған. Өткен жылы Қызылордада 25936 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қаладағы 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен 27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылған. Қазіргі таңда республика көлемінде Қызылорда қаласының қалаішілік су құбырлары 70 пайызға жуық толық жаңарған. Таза жерасты ауыз суын тұтынып отырған бірден бір қала. Қазақтың астанасы болғаны ордалы жерден дайындалған сараптамалық сюжетті күні ертең арнамыздан көретін боласыздар.
— 2019 жылдың соңына дейін, Түркістан қаласында әкімдіктің зәулім ғимараты салынып, пайдалануға берілмек ниетте. Бұл туралы күні кеше облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев, баспасөз жиынында мәлімдеме жасап, биылғы жылдың негізгі жұмыстарына тоқталды. Сонымен бірге, өткен 2018 де атқарған жұмыстарын айттып өтті.
— 52 мың тұрғыны бар Бәйдібек ауданы 2018 жылы 90 жылдығын тойлағаны есімізде. Бұл торқалы той ауылдағы ағайынды руxани жаңғыртты. Ал, енді әлеуметтік мәселесі шешілген бе? 11 ауылдық округі бар аймақтың кейбір елді мекендері құдықтан су ішеді. Бірақ, бюджеттің шамасына орай таза суға көпшілігі қол жеткізіпті. Бұл өлке 2015 жылы табиғи отынның құбырын тартуды бастап, газ тарату станциясы іске қосылған болатын. Дәл қазіргі таңда орталығы Шаян ауылының тұрғындары күл шығарып, отын жағудан құтылды. Сондай-ақ, соңғы екі жарым жылда бюджет еселенген. Ауданның тізгінін осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын қолға алған әкім Бақытбек Танагөзов осылай деп жергілікті тұрғындарға есеп берді.
— Ұлы даланың ұлы алыбы — Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күреске арнап, ұлан ғайыр жері мен өршіл халқын дүние жүзіне паш еткен әлем чемпионы. Дүние жимай, қазақтың қамын ойлаған палуанды бүгінде қалай насихаттап жүрміз? Батыс Еуропа Батыс Қытай автодәлізі өтетін Ордабасы ауданындағы Қажымұқанның кесенесіне келушілердің қатары неге сирек? Сансыз баптардың мекені Сайрамнан басталып, Арыстанбап арқылы Түркістан, Кентау жеріне дейін жалғасатын туристтік маршрутқа неге күш атасының кесенесі ілінбеген? Бұған кім жауапты? Осы секілді сансыз сауалдарға жауап іздеп көрдік.
— Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылдық округінде 2300-ден астам тұрғын бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын инфрақұрылым жүйесі мен аурухананың жоқтығы тұрғындардың өзекті мәселесінің бірі болған. Арызын арқалаған ағайынның өтініштері жауапсыз қалмай 2018-ші жылы біршама ілкімді істер атқарылған. Құрамында 5 елдімекені бар Жаушықұм ауылдық округінің жай жапсарымен әріптесім де танысып қайтты.
— Заңсыз жолаушылар тасымалдауға шектеу қойылуда. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы мақсатта рейд өткізді. Рейдтік тексеріс барысында Сарыағаш ауданындағы республикалық маңызы бар және аудан ішіндегі көшелерде заңсыз тасымалдаушылар ұсталды.
— Өзекті өртеген өкініш. Астанада тілсіз жаудың құрбаны болған 5 қызды бүкіл қазақ халқы болып жер қойнына тапсырды. Карина, Алина, Сабина, Мәдина және Албинаның жаназасы 5 ақпанда Астана қаласында өтті. Қоғамда қызу пікірталас тудырған оқиғаға қатысты баршамыз қайғыдан қан жұтқан отбасына қайғырып, көңіл айтамыз.
— Бірлік. Татулық. Жасампаздық. Осылай ұрандатқан нұротандықтардың көздегені ел тыныштығын сақтап, егемендікті нығайту және ұлттың болашағына батыл жол салу. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы Абай аудандық филиалының кезектен тыс 36 конференциясы өтті. Бұл жиында күн тәртібіндегі үш түрлі мәселе қаралып, тиісті жұмыстарды жүргізу туралы қаулы қабылданды. Сондай-ақ, еліміздегі жетекші партияның алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар ретімен бөлісті.
«Айғақ-ақпарат».