— «Ю хак» идеялар фестивалі өз мәресіне жетіп, қорытындыланды. Шымкент қаласының жастары қатысқан жарыста 24 сағат ішінде үздік жоба әзірленуі керек болатын. Яғни, Шымкент қаласы туралы фильм түсіру тапсырылды. Сайыстың қорытындысымен 1600 үміткердің ішінен 12 қатысушы жеңімпаз атанды. Жеңіске жеткен идеяшылдар Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолынан марапатқа ие болды.
— Ел мерейін үстем еткен оқушылар. Мектеп оқушылары арасында өткен 14-ші республикалық «Зерде» конкурсына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының атынан 22 оқушы қатысып, барлығы жүлделі орындармен оралды. Аталмыш іс-шара мектеп оқушыларының шығармашылығын арттырып, танымдық қызығушылығын қолдауға бағытталған. Республика көлемінде өткен сайыста мыңның ішінен дара шығып, оза шапқан оқушыларға лайықты қошемет көрсетілді.
— Биыл көктемде Отырар ауданы 30 мың гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Осы ретте ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов пен ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұрбек бадырақов аудан шаруаларымен кездесті. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов жүргізген алқалы жиында ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және шаруалар үшін мүмкіндіктер талқыланды. Кездесуде сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов шаруаларға субсидия, тыңайтқыштар мен көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, жеңілдетілген бағадағы жағар жанар-жағар май беру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Жиын соңында аудан басшысы кездесуге келген облыс әкімінің орынбасарына алғысын айта отырып, Отырарлықтардың ағын су мәселесіне байланысты өтініштер ескерусіз қалмаса деген ойын жеткізді.
— Мемлекеттік қызметке қабылдау талаптары өзгерді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев брифинг өткізді. Онда мемлекеттік қызмет саласына енгізілген жаңалықтар айтылды. «Б» корпусы лауазымына үміткер тұлғалар үшін жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуде жауаптардың растық деңгейі 50%-дан кем болмауы тиіс. Егер көрсеткіш нәтижесі төмен болса үміткер жеке қасиеттерін бағалаудың растық деңгейінен өтпеді деп танылады. Бір ай уақыттан кем емес мерзімнен соң қайта өтуге мүмкіндік алады. 1 ақпаннан бастап, департамент қызметшілері өңірлердегі тестілеу орталығында тестілеу әкімшісі ретіндегі қызметін тоқтатты. Бұл қызметті «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның тестілеу операторы атқаратын болады. Сондай-ақ, осы уақыттан бастап «Б» корпусының бос лауазымына үміткерлер конкурс жариялаған мемлекеттік органға заңнаманы білу туралы сертификат пен жеке қасиеттерін бағалау қорытындысын өткізбейді.
— Түркістан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәбитов Арман Сәбитұлы облыстың жалпы экономикалық көрсеткіші бойынша жыл бойында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп берді. Оның мәліметінше, Түркістан облысында өнеркәсіп көлемі 2017 ж. 410,7 млрд.теңгені құраса, 2018 жылы 453,8 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы 10 бірдей ірі жоба іске асырылған. Олар Ордабасы ауданы, Түркістан және Арыс қалалары, Төлеби, Шардара, Сарыағаш, Сайрам мен Қазығұрт аудандарында жүзеге асқан. Іске асырылған жобалар арқылы 835 адам жұмыспен қамтылған. Осы 10 жобаның жалпы соммасы 18 244 млн.теңгені құрап отыр. Ал, агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштері де жоғары. 2017 жылы облыста өндірілген өнім мөлшері 482,4 млрд.теңгені құраса, 2018 жылы 542,8 млрд. теңгеге жеткен. Ал 2019 жылы бұл көрсеткішті 614 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Түркістан қаласын дамыту жолында біршама құрылыс жұмыстары жүргізіліп отырғандығын білеміз. Осыған орай, Түркістан облысының әкімшілік орталығы мен аумақтық департаменттер және 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау көзделіп отыр.
— «Күлтөбеде күнде жиын, күнде той» . Тап осы екі ауыз сөз айтылғанда, еріксіз бірден киелі Түркістандағы Күлтөбе қалашығы есіңізге түсетін болар. Аталған жерде, қазіргі таңда қызу археологиялық жұмыстар басталып, ол жақтан орта ғасырлардағы қазақ үйлері мен балалар ойыншықтары табылыпты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жоғарғы бөлігіндегі қазба жұмыстарына қазірде Отырар ауданының жастары тартылған.
— Төрткүл ауылдық округінде төрт түлік басы жыл санап артуда. Мәселен ағымдағы жылдың қортындысы бойынша ірі қара 9070, жылқы 1000 бастан асса Уақ аша тұяқтылар саны 34200 басқа жетіп отыр. Ал бірдейлендіру жұмыстары бойынша жергілікті ветеренария саласының мамандары қандай жұмыстар атқаруда?