Еліміздегі биоалуандылықты сақтап қалу үшін ерекше қорғалатын табиғи аймақтар аумағы 10 миллион гектарға кеңейтіледі.
Бұл туралы бүгін мамандар Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған арнайы басқосуда айтты. Ведомство жер көлемін ұлғайтып қана қоймай, осында мекендейтін киік санын арттыру үшін де бірқатар шараны қолға алмақ.
Биологиялық алуандылық деңгейі әлем бойынша төмендеп барады. Бұл үрдіс Қазақстанда да орын алған. Сондықтан соңғы уақытта Үкімет еліміздің биоалуандылығын сақтап қалу шараларын қарқынды қолға алды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынып отырған механизмінің бір жолы – қаржыландыру көздерін көбейту, соның ішінде бизнестің жауапкершілігін арттыру.
Қайрат Үстеміров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
– Биоалуандылықты сақтауға бағытталған шаралардың 90 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Жұмыс әлі де көп болғандықтан, біз қызығушылық танытқан жеке компанияларды инвестор ретінде тартып жатырмыз. Нәтижесінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз жұмыс жүргізіп жатқан белсенді отандық кәсіпорындар аз емес. Олар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, экологиялық түйіткілдерді шешуге дайын.
Қайыргелді Қабылдин, «КҚК» АҚ ҚР Үкіметімен байланыс бойынша бас директорының орынбасары:
– Киіктің жағдайын өзіңіз білесіздер. 2014-2015 жылдары көп киіктер жойылды. Бүгін оны сақтау – біздің алдымызда тұрған міндет. Біз соған қатысуға бүгін қаражат саламыз. Болашақта министрлікпен, ассоциациямен бірігіп, керек заттарды бұл бағдарламаға енгіземіз.
Каспий құбыр консорциумы киіктерді сақтау және санын арттыру шараларына екі жылда 45 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Әрине бұл мың-мыңдап қырылған ақбөкендердің санын қайта толықтыруда жеткілікті қаражат емес шығар. «Дегенмен бұл мақсатта атқарылатын тағы бір міндет – ол киіктің мүйізіне немесе етіне қызыққан браконьерлерге шектеу қойып, халықтың биоалуандылықты сақтаудағы жауапкершілігн арттыру», – дейді мамандар.
Дереккөз: 24.kz