Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі 2 пайызға өсті. Агроөнеркәсіп кешенді дамыту бағдарламасы іске асқан алғашқы 9 айда осындай өсім байқалды.
Мемлекеттік бағдарламаның нəтижелері Мәжілістегі Үкімет сағатында айтылды. Ал саланы одан əрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы кооперациясы, аграрлық қайта өңдеу, тұқым шаруашылығы, азық өндіру сынды бірқатар бағыттарды қамтитын 10 карта əзірленген. Бұған қоса тағы 3 карта қазір дайындалып жатыр. Жобаны таныстырған Асқар Мырзахметовтің айтуынша, қайта өңдеуді дамыту үшін 79 жаңа зауыт салып, 80 кәсіпорынды қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл шаралардың нәтижесінде сүт өнімдерін өңдеу көрсеткіші шамамен 50 пайызға артады. Сондай-ақ шалғайдағы қой шаруашылығын дамыту ісі де қолға алынған. Нәтижесінде мал саны 2021 жылға қарай 2,7 млн басқа артып, қой шаруашылығының өнімі екі есеге ұлғая түспек. Ал ауыл шаруашылығы кооперациясының картасы былтыр іске аса бастады.
Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:
— Қазан айындағы көрсеткіш бойынша біз 745 ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Ал жоспар бойынша 326 кооператив құрылу керек болған. Бастысы бұл кооперативтер 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалығын біріктіріп отыр. Нәтижесінде 44 мың тоннадан аса сүт пен 13 мың тонна ет дайындалды. Ал өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар үшін 6 мыңға жуық бордақылау алаңы құрылды. Бұл адамдардың барлығы дара кәсіпкер болып қайта тіркелді.
Сондай-ақ тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылады. Себебі, қазір тракторлардың 20% істен шыққан. Комбайндардың да жағдайы осындай. Мамандардың айтуынша, ескі техникаларды пайдалану салдарынан жанар-жағармай шығыны 20%-ға көп болады. Əрі еккен өнімнің 14 пайызы жиналмай қалады. Бұл 200 млрд теңге желге ұшты деген сөз. Мәселені шешу үшін отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасаушыларға жеңілдетілген несие беру қарастырлып отыр. Қосымша құн салығы бойынша да жеңілдіктер жасалады.
Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Ауыл шаруашылығы министрлігінде биылдан бастап механизация департаменті құрылды. Ол 4-5 жылдың ішінде болмаған еді ондай департамент. Сол мемлекеттің саясатын жүргізетін ауыл шаруашлығы машина жасау саласындағы. Енді ойлаймын, осы мәселелер қазір қолға алынып, өзіміздің елімізде шығатын техниканың сапасы да саны да ұлғаяды деп ойлаймыз.
Дереккөз: 24.kz