Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Прокуратура туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталмыш заң прокурорлардың кейбір өкілеттіліктерін шектеуге бағытталған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Маңызды заңды депутаттарға Бас прокурор Жақып Асанов таныстырды.
«Бүгінгі менің басты міндетім «Прокуратура туралы» заң жобасын таныстыру. Конституцияның 83-бабына өзгеріс енгізілді. Прокуратураның енді 3 негізгі мақсаты айқындалды. Ол жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру және қылмыстық қудалау», — деді ол.
Осы орайда Асанов «Прокуратура туралы» заң жобасының қандай мәселелерді реттеуге бағытталғанын түсіндірді.
«Бүгінгі жоба жоғары қадағалауды реттеуге арналған. Онда «қоғамдық мүддені прокуратура қалай қорғайды» деген сұраққа біз жауап беруге тырыстық», — деді Ж.Асанов.
Кейін Бас прокурор аталмыш заңның негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.
«Ең бастысы заңның негізгі принциптері мен міндеттері өзгеріссіз қалды. Ол — адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау, координация. Оның барлығы біздің міндетіміз болып қалады. Екіншіден, енді қадағалау шексіз болмайды. Конституцияға сай оның нақты ауқымы бекітілмек. Жаңа қадағалау 3 формада жүргізіледі: тексеру, талдау және құқықтық актілерді бағалау. Бұрынғыдай бас аяғы жоқ тексеру тоқтайды. Басты құрал – анализ. Ең алдымен статистика, мәліметтер, БАҚ-тағы ақпараттарды сараптаймыз. Ешқайда барудың, ешкімді мазалаудың қажеті жоқ. Қазір IT технология дамуда. Кез келген заң бұзушылықты кабинентте отырып-ақ, талдау жасап, оны анықтауға болады. Бірақ ол үшін үлкен білім мен біліктілік қажет», — деді Асанов.
Осы орайда ол заңның кімдерге тиімді екендігін атап өтті.
«Бұл норманың жақсылығын сезінетін ең алдымен кәсіпкерлер. Енді прокурор өз бетінше бизнесті тексере алмайды. Әрине, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Дегенмен қылмыс болмаса, бірде-бір прокурор араласпайды. Кемінде бас прокурордың шешімі қажет», — деді ол.
Кейін Жақып Асанов енді прокурорлардың мемлекеттік органдарды себепсіз тексере алмайтындығын атап өтті.
«Үшіншіден, прокурор мемлекеттік органдарды тек екі жағдайда тексеретін болады. Егер мемлекеттік орган өзін-өзі қорғауға қабілетті емес немесе жаппай адамдардың құқығы бұзылып жатса, әрине ондай іске прокурор араласады.
Екінші жағдай, мемлекеттік органның жұмысы адамдардың өміріне немесе қоғамға қауіп төндіріп жатса, онда прокурор тексеріспен баруға мәжбүр болады.
Өтініштер бойынша да тап осындай шектеулер бар. Егер шағым түссе, прокурор баяғыдай бас салып тексере бермейді. Ең алдымен оның қай мемлекеттік органның міндеті екендігін анықтайды», — деді ол.
Сөз соңында Бас прокурор аталмыш шектеулердің барлық органдарға қатысы жоқ екендігін алға тартты.
«Бұл шектеулер барлық органдарға қатысты емес. Бақылау, қадағалау сияқты бизнесті тексеретін 60 шақты орган бар дедік. Оларға талап бөлек. Егер міндеттерін дұрыс орындамаса, шектен шығып жатса, прокурор әрине ондай іске араласуға құқылы болады», — деді Жақып Асанов.
Дереккөз: Baq.kz