Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойы еліміздің барлық аймағында аталып өтілуде. Талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, 90-шы жылдың басында егемендігін алып, бүгінде еңсесін тіктеген қазақ елі биік белестерді бағындырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Жас мемлекеттің қалыптасуында, қарышты дамуында қаншама нар тұлғалы азаматтардың еңбегі сіңді, таңбалы тарихында қолтаңбасы қалды. Тәу еткен тәуелсіздік қилы замандарда жат жұртта қалған боздақтардың еңбегін елге таныстыруға мол мүмкіндік берді. Ата-баба ерлігін халыққа дәріптеп, жауынгерлердің ерлігі мен өрлігін елге таныстырып жүрген «Айғақ» Телерадиокомпаниясының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбішті Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының әкімі Нұрлан Омаров ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапаттаған болатын. Ал күні кеше мәртебелі марапатты «Ұлытау» ұлттық-тарихи мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының орынбасары Нұрсұлу Балтабайқызы халық қалаулысының жұмыс орнына арнайы келіп, табыстады. Мұнан өзге, жеңісті жақындатқан қаһарман ерлердің ерлігін насихаттап жүрген ел ағасы Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың төсбелгісін кеудесіне тақты.
Кең — байтақ қазақ даласының қастерлісі мен құндылығын, байлығы мен таңғажайып кереметтерін, ұлы бабалар ізімен жүріп өтіп көрермен назарына ұсынып келе жатқан телеарна алыс пен жақынды байланыстырды. Дулат Әбіштің бастамасымен алыс -жақын шетелдерден бөлек, қазақ елінің қасиетті жерлеріне жасалынған сапар барысында Ұлытау жерінің тарихы, өткені мен болашағы телеарнадан көрсетілді.