Бала туу көрсеткіші жоғары Оңтүстік өңірінің медицинасы жыл өткен сайын заманауи талаптарға сәйкес өз жұмысын жандандыруда. Мәселен, шетелдік мамандармен тығыз қарым-қатынас жүргізетін отандық дәрігерлердің біліктілігі де өз елімізде күрделі оталарды жасауға мүмкіндік алып отыр. Өңірімізге арнайы сапармен келген, ЮНИСЕФ, яғни БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Облыстағы №4 перинаталдық орталығы мен клиникалық балалар ауруханасында болды. Қазақстан бойынша ана мен бала денсаулығына көрсетіліп жатқан қызметтің негізгі қарқынын жеке өзі бақылауды мақсат тұтқан БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксалидный бұған дейін де бірнеше облыстарды аралаған. Ал, Оңтүстіктің медицина қызметкерлерінің жұмысымен алғаш танысуы. Перинаталдық орталықтың базалық құрылымы барлық деңгейдегі аяғы ауыр әйелдерді қабылдай алатындығы белгілі. Жыл басынан бері 2410 сәби дүниеге келсе, өзге перзент ханаларға қарағанда дәрігерлердің жүктемесі де ауыр. Мәселен, күні кеше, 30 жүкті әйелді босандырып, бір мезгілде 14 ота үстелінде нәрестелерді дүниеге алып келген. Қарқынды терапия бөлімінің негізгі қызметі де шала туылған сәбилерді өмірге бейімдеу. Барлық қызмет тек, ана мен бала саулығы үшін. Орталық дәрігерлері Литва клиникаларымен тығыз жұмыс жасайды. Өйткені, еуропалық стандартқа сай қызмет көрсететін мамандар шоғыры осында орналасқан. Нәтижесінде, босану кезеңіндегі қиын жағдайларда ана мен баланы аман алып алу мүмкіндігі артқан. Сол себепті де Жыл басынан бері №4 перинаталдық орталықта өлім статистикасы тіркелмепті.
Ал, клиникалық балалар ауруханасының да атап айтар жетістіктері бар. Халықаралық технологиялар тренинг орталығы Оңтүстік дәрігерлеріне ғана емес, көрші облыстардың да мамандарын оқытып, соңғы технологияның қажеттіліктерін түсіндіреді. Бұл, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданысқа енгізіліп жатқан жаңалықтардың ретімен танысуға мүмкіндік береді. Дұрыс тамақтану, күтім жасау, әсіресе сәбидің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. ЮНИСЕФ, яғни БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі өңір медицинасының қарқынды дамып келе жатқандығына осылайша көз жеткізді. Алдағы уақытта, еліміздегі жетекші медицина орталықтарының қатарынан көрінетіндігіне сенімді.
Салтанат Тойболова