Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, өңірдің бір топ бизнес өкілдерімен кездесті. Аталмыш басқосуға Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен өңірімізге белгілі іскер азаматтар қатысты. Жүздесу барысында кәсіпкерліктің күрделі мәселелері талқыланып өзекті ойлар ортаға тасталды. Сондай-ақ, шахар басшысы басқосуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірлесе атқаратын жұмыстар мен Шымкент қаласының тазалығына кәсіпкер азаматтарды үлес қосуға шақырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқосу барысында өзекті ойларын ортаға салды. Оның айтуынша милионды қалаға айналып отырған Шымкентті дамытудағы басты тетіктердің бірі ол салықтық төлемдерге тікелей байланысты. Десе де салықтың өз денгейінде төленбей, бұл мәселеге келгенде жалтарып жататындардың да баршылық екендігін мысал келтіре отырып түсіндірген қала басшысы осы жағдайды реттеу қажеттігін баса айтты. Өйткені салық түсімдері арқылы ғана қала әлеуеті жақсара түсетіндігі белгілі. Сондықтан Ғабидолла Әбірахымов бірінші кезекте салық түсімділігін еселей түсу қажет дейді. Әрине бұл тұрғыда кәсіпкерлік субьектілерінің алар орны ерекше. Осылай деген Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлер алдында алдағы уақытта еліміздегі үшінші қала статусына ие Шымшахардың орталықтарында базарлар болмайтындығын атап айтты. Сондай-ақ, қала әкімі кәсіпкер азаматтар алдында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылатын шаруалардың да шахардың өсіп өркендеуіне тигізетін септігі мол деді. Сондықтан осы бағыттағы бірлескен іс -шаралардың өз жалғасын табатындығына сенім білдірді. Оған қоса Ғабидолла Әбірахымов барлық кәсіпкерлерді қала тазалығына атсалысуға шақырып, сыбайлас жемқорлық мәселесімен күресті күшейтпек. Ол үшін әкімдік қызметкерлері тарапынан орын алған кез-келген жемқорлық әрекеттері бойынша кәсіпкерлер енді тікелей қала әкіміне келіп шағымдана алады. Осы және өзге де өткір мәселелерді айтып үлкен болашағы бар Шымкент қаласын дамытуға бірлесе отырып күш саламыз деген қала әкімінің бастамасы өңір кәсіпкерлері тарапынан қызу қолдау тапты.
Абай ОМАР