Астанада 93 жастағы кейуана наурыз көжені дәмді етіп әзірлеудің құпиясын айтты, деп жазды astana.gov.kz.
Наурыз — жыл басы, айналаның жаңару тұсы. Бұл кезде табиғат ұйқысынан оянып, үйдегі тіршілікке жан бітеді. Көктемгі мерекені жеті түрлі тағамнан әзірленетін көжесіз елестету мүмкін емес.
Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері 93 жасар әжей дайындаған мерекелік сусынның дәмін татып, оның көне де ерекше құрамын біліп қайтты.
Әйнеш апаның шаңырағында Наурыз мерекесін ерекше қастерлейді. 93 жасар қарияның балалары, немерелері мен шөберелері ақ жаулықты анасын ортаға алып, Ұлыстың ұлы күнін барлығы бірге қарсы алуға тырысады.
Жылда осы күні қарт ана таң атысымен ерте тұрып, Наурыз көжені әзірлейді екен. Ол қонақтарының келген уақытында сусынның дайын болуының қамын жасайды. Сол себепті бұл іске ешкімді араластырмайды да.
«Біз кішкентайымыздан әжелеріміздің жанында жүріп, осы сусынды қалай пісірілетінін көріп жүрдік. Әйелдердің әрқайсысы Наурыз көжені әртүрлі дайындайды ғой. Мысалы, мен көже қышқыл болсын деп еттің сорпасына құртты езіп қосамын. Сонда құрттың тұзы да сорпаға жақсы сіңіп, көже татымды бола түседі. Кезінде менің анам осылай істейтін. Кейбір келіншектер сорпаға құртты емес, айранды қосады», — деп бөлісті Әйнеш Самтықова.