2017 жылы елімізде жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде жергілікті әкімдіктердің бюджеті 300 млрд теңгеге толығуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігінде өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Бүгін Әділет министрлігінде заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған заңды Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов таныстырды.
2017 жылы конституциялық реформа аясында Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттілігін Үкіметке берген. Нәтижесінде Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағытын анықтайтыны, ал орталық атқарушы органдар мемлекеттік саясатты жүзеге асыру функциясын бақылайтыны белгілі болған. Сондай-ақ, жергілікті өңірдегі органдар мемлекеттік саясатты өңірде жүзеге асыруына жауап береді.
Осы орайда вице-министр аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін алға тартты.
«Заң жобасы мемлекеттік басқару органдары арасында билік өкілеттіліктерін қайта бөлуді қарастырады. Бұл өңірлердің өзін-өзі басқару деңгейін арттырады. Ол үшін Қазақстанның 40-тан астам заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Ұлттық экономика министрлігі шамамен 250 заңнамалық актіге талдау жасап, 9 мыңнан астам реттеуші функцияны анықтады», — деді ол.