Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев түйткілі шешілмеген нысандарды аралады. Шаһар басшысы «Әкімге сұрақ» айдарында тұрғындардан түскен өтініштерде көрсетілген мекенжайларға барды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Соның бірі — Желтоқсан көшесінің тұрғындары 15 жылдан бері өз үйлеріне еркін кіріп шыға алмайтынына арызданған. Жан-жағына құрылыстар салынып, сауда орындары ашылып, жолды жауып тастаған. Төтенше жағдай орын алса, автокөліктер де жүретін жол таппайды. Бұл мәселе сол жерде шешімін тапты. Қала әкімі бір апта ішінде жолдың кеңейтілетініне сөз берді.
Келесi мәселе — №36 мектеп. 2 жыл бұрын күрделі жөнделген ғимарат тағы да жөндеуді қажет етіп тұр. Ата-аналар құрылыстың сапасыз жасалып, мектепке кіреберістің балалар өміріне қауіпті екенін айтады. Қала басшысы бір апта көлемінде нысанды тапсыру туралы актіні қарап шығатынын айтты. Сонымен қатар балалардың мектеп алдындағы жолдан өтуі де қиындық тудыруда. Мәселенің шешімі осы апта ішінде жолдың жиегіне балалардың суреті салынған макет қоюумен шешілетін болды.
Тағы бір мектеп, дәлірек айтқанда, жаңа жыл қарсаңында Нұрсәт шағынауданында қолданысқа берілген №130 мектептің де күрмеуі шешілмей тұр. Ата-аналар балаларының жолдан өтерде қорқатынын айтады. Енді мектептің бір жағынан тротуар салынса, екінші жағынан мектепке кіретін қосымша есік орнатылатын болды.
Тұрғындар өз өтініштеріне мұндай тез жауап аламыз деп ойламағандарын айтады. «Әкімге сұрағымды жолдағанда оған назар аударады деп те ойламадым. Ал бүгін әкім өзінің қызметкерлерімен келіп, барлығын өз көзімен көрді. Мұндай жылдам әрекетке алғысымды білдіремін» дейді өтініш білдіруші азаматша.
Айта кетейік, Инстаграм желісіндегі «Әкімге сұрақ қой» айдарына бір күнде Шымкенттің 277 тұрғыны өзінің сауалын жолдаған. Өтініштердің басым бөлігі көлік, жол, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, сондай-ақ баспана алу мәселесі болды. Барлық өтініштер қаралып, тиісті бөлімдер жұмыс істеуде.