Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған Түркістан қаласында өтіп жатқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тұрақты Кеңесінің 35-ші отырысына қатысқан ОҚО әкімі Ж.Түймебаев Рәміздер алаңының ашылуына қатысты.
Осылайша,Түркістан қаласында рәміздер алаңы ел игілігіне беріліп, еліміз бойынша биіктігі жағынан үшінші алып ту Түркістан төрінде желбіреді. Ту тұғырдың биіктігі — 62,5 метрді құрайды. Ал, байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы 24 метр.
Алаңдағы мәрмар тастарға Елбасының, ақын-жазушылар мен ғұламалардың, қоғам қайраткерлерінің қанатты сөздері жазылған. Бекзат Саттарханов даңғылының бойында салынған алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан және елдік мұратты меңзеген Елбасы мен қазақ елі қайраткерлерінің қанатты сөздері жазылған арнайы тас тақталар сап түзеген. Рәміздер алаңын салуға жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, сол ақша толығымен игеріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Онда түрлі кіші архитектуралық формалар мен су бұрқағы, беседкалар, орындықтар, урналар, газондар мен гүл клумбалары орнатылып, декоративті ағаштар отырғызылған.
ОҚО әкімінің сапары мұнан кейін «Golden camel group LTD» ЖШС-нде жалғасты. Мұнда қымыз ұнтағын өндіреді. 2018 жылы мамыр айында іске қосылатын кәсіпорынды Қытай компаниясы салып жатыр.
Мұнан кейін, аймақ басшысы киелі шаһардағы Қарашық шағын су қоймасына атбасын бұрды. Құрылысы 2016 жылдың қыркүйек айында басталған нысан ағымдағы жылдың қараша айында аяқталыпты. Жоба құны — 471,4 млн.теңге. Үшайық ауылдық округінде орналасқан су қоймасы жаңаруы нәтижесінде 350 гектар жер игеріледі деп күтілуде.
Бағлан Байкөбекқызы