Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Асқар Исабекұлы Мырзахметов дүниеге келген. 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында туылған Асқар Исабекұлы ауыл шаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Қазақстан кәсіпкерлері Форумы кеңесінің төрағасы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Ауыл шауашылығы министрі қызметін абыройлы атқарған азамат 2006-2007 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасындағы ҚР-ның Төтенше және өкілетті елшісі болып еңбек етті. 2007-2009 жылдары «Оңтүстік» ӘКК» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасына төрағалық жасады. 2009 жылдың 4 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған Асқар Мырзахметов қазыналы аймақтың қарыштап дамып, көркейіп-гүлденуінде қажырлы еңбек етті. Оңтүстікті басқарған 6 жыл 6 айдың ішінде өлке оң кейіпке енді. Білікті басшы, іскер азаматтың қарым-қабілеті, қажыр қайратын лайықты бағалаған Елбасы Асқар Мырзахметовке үлкен сенім артып «Нұр Отан» Партиясы төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Ал, 2016 жылдың мамырында Елбасының Жарлығымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болған Асқар Исабекұлы ағымдағы жылдың 14 маусымында ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет жасап жүрген іскер азаматты мерейлі күнімен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, әрбір бастамаңызға шығармашылық табыс тілейміз! Әрқашанда абырой биігінен көріне беріңіз!