«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Тетігін тап та бар қалан…» — дейді ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. Адамның өзін-өзі үнемі дамытып отыру керектігі, айтпаса да түсінікті. 18 мың ғаламның кереметін түсіну, оны ұғыну, әсте ғылымның шексіздігін дәлелдесе керек. Ал, елімізде енгізілген төтенше жағдайда қандай іс тындырдыңыз? Өзіңізді дамытуға көңіл бөлдіңіз бе? Биыл һакім Абайдың туғанына — 175 жыл. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Егер, дүниені жайлаған індеттің кесірі болмағанда, дәл бүгін рухани күш сыйлаған ұлтымыздың ұлыларын насихаттап, жер жаһанға жария салып жатар едік. Десек те, үйде отырып, көп нәрсені бағамдауға мүмкіндік те бар емес пе?
Ал, біз «Айғақ» ұжымы ақын Абай өлеңдерінен үзінді оқуды бастап кеттік. Сіз де біздің қатарымызға қосылыңыз! Телеграм арқылы оқыған өлеңіңізді жіберіп, рухани дамуға үлес қосыңыз! Ендеше, телефон номерді жазып алыңыз.
+7701 441 66 66
Елімізде ұлы ақын Абай Құнанбайұлымен аттас 17 674 азамат бар екен. Абай есімді қазақстандықтардың дені, яғни 2100-ге жуығы Түркістан облысында тұрады. Ал, құжатында аты мен әкесінің аты «Абай Құнанбайұлы» деп көрсетілген азаматтардың саны – 28. Бір қызығы, мұның ішінде басым бөлігі дәстүр салтын сақтаған оңтүстік өңірінің тумалары. Ал, Абайдың әкесі Құнанбайдың есімін алған отандастарымыздың саны әлдеқайда аз болып шықты. Небәрі – 170 адам. Өңірлер арасында тағы да Түркістан облысы көш бастап тұр. Аймақта 61 адамның жеке куәлігінде есімі Құнанбай болып жазылған. Ал, Абайдың анасы Ұлжан есімін иеленген нәзік жанды арулардың саны — 8 807-ге жеткен. Олардың басым бөлігі, тағы да Түркістан облысында тұрады. Саны – 2069. Бұл қызықты статистикаға тоқталуымыздың себебі жоқ емес. Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді. Ұлы ақын Абай Құнанбайдың мол мұрасымен, ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын оқытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал, 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады. Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал, ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда». Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. «Сегіз аяқ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» сияқты шығармалар дәлел.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.
Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.