Мегаполистің әкімі уәдесін орындады. Осыдан бір апта бұрын халыққа есеп берген Мұрат Әйтенов Тұран, Нұртас шағын ауданының тұрғындарына сөз берген болатын. Арнайы барып инфрақұрылым мәселесін көзбен көрем деп. Бір жетіден кейін қаланың басшысы шаңы шығып, топырағы бұрқырап жатқан аймақтарды аралап шықты.
Тұрғындар күткен әкім түс уақытында келді. Жергілікті жердің халқы бірден әлеуметтік мәселесін айтып, шешімін таппаған инфрақұрылымның жағдайын талқылады. Әзірге 4000 тұрғыны бар Тұран шағын ауданына қоғамдық көлік қатынап жүр. Бірақ жолы қыс пен көктемде лай-батпақ болып жатса, жазда шаңы бұрқырайды. Бұл аймақтың жарығы мен газы жекенің меншігінде болғандықтан бірде көл, бірде шөл. Мезі болған халыққа жергілікті билік 2021 жылға дейін жол, су, газды шешуге тырысамыз деп уағдаласты.
Қазіргі таңда Тұран шағын ауданына судың құбыры тартылып жатыр. Екі кезеңмен жүретін жұмыс биылғы жылдың басында басталды. Алғашында Сайрам ауданының құрамында болған бұл аймақта мәселе шаш етектен екен. Белсенді тұрғындар мен қариялар инфрақұрылымның тағдырын әкіммен әбден талқыға салып, кездесу бір сағатқа жалғасты. Жауапты басқарма басшыларымен айтысып-тартысқан тұрғындарды Мұрат Дүйсенбекұлы тоқтатып, жұмыстың жүйесін өзі түсіндіріп берді.
Халқымыз «түсі игіден түңілме» дейді. Әйтенов ащуға берілген тұрғындардың арқасын қағып, көтерілген мәселелердің шешімін айтты. Алдағы үш жылда инфрақұрылым мәселесі 99 пайызға шешілетін болып жаспарлануда екен.
Түскі уақытын халықпен кездесуге жоспарлап қойған қала әкімі мұнан кейін Нұртас шағын ауданына барды. Бұл мекендегі тұрғындарды мазалайтын сұрақ ел аузында аталып кеткен «сасық көл». Баспаналар салынып, тұрғындар тұрып жатқан Нұртастағы ағайынның өтініші осы сасық көлдің көзін құрту. Әкім бұл мәселе бойынша уәде берді. Биыл шешімін таппақ. Батпағы бар тас жолмен жаяу жүрген мегаполис басшысына айтылған тағы бір мәселе көшеге асфалть қажет. Қаржыға келіп тірелген өтініш мүмкіндік болса орындалады.
Қорытынды есепте берілген уәденің әзірге алғашқысы орындалды. Яғни, Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарлаған кездесуін шегерместен, халықпен жүздесті. Ендігі іс уақыт пен қаржының еншісінде.
«Айғақ-ақпарат»










