Шымкентте қазақ тілінде жүргізілетін сот процесінің үлесі 86 пайызға жеткен. Жыл басынан бері сотқа 708 қылмыстық іс тіркелсе, оның 610-ы қазақ тілінде қаралыпты. Судьялар жыл өткен сайын азаматтар істі мемлекеттік тілде жүргізуді сұрап жатқанын айтады. Осы орайда ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге арналған дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында судьялар, прокурорлар мен сот мамандарына арналған семинарлар мен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де бар. Нақтырақ айтсақ, орыс тілінде түскен бес іс қарау барысында мемлекеттік тілге ауыстырылған.