Қалада көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және қалдықтарды қайта өңдеу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда
Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындарға қолайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында қалада бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Оның ішінде жасыл аймақтарды көбейту, саябақтарды жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілуде.
Қаланың экологиялық келбетін жақсартуға бағытталған ірі жобалардың бірі – бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынған Экопарк. Достық шағын ауданында орналасқан, жалпы аумағы 45 гектарды құрайтын бұл нысан бұрын экологиялық тұрғыдан қолайсыз аумақ болған. Қазіргі таңда оның орнына тұрғындардың демалуына және табиғат аясында уақыт өткізуіне арналған жасыл кеңістік қалыптастырылуда.
Экопарк аумағына қалыңдығы 1,5 метр топырақ қабаты төселіп, органикалық тыңайтқыштармен байытылған. Мұнда терек, емен, акация, катальпа, үйеңкі, шаған, сәмбі тал, аққайың секілді ағаштардың 5 мыңға жуық көшеті отырғызылған. Сонымен қатар, аумақта көлемі 12 500 шаршы метр жасанды көл жасалған. Қазіргі уақытта 23 мың шаршы метр аумақта эко-соқпақтар салу, жасыл желектерді суаруға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 15 су ұңғымасы мен үш жабық бассейн салу көзделген.
Алдағы уақытта Экопарк аумағына жарықтандыру шамдарын орнату, спорттық жаттығу алаңдарын салу және жеміс ағаштарын отырғызу жоспарланған. Жобаның ерекшелігі – бұрынғы полигон аумағын экологиялық тұрғыдан қайта қалпына келтіріп, оны қала тұрғындары үшін заманауи демалыс орнына айналдыру. Аталған жұмыстар демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Қаладағы қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бағытында да бірқатар игі іс атқарылды. Шымкент қаласының күніне орай қайта жаңғыртудан өткен «Жапон» және «City Park» саябақтары тұрғындар игілігіне берілді.
Бұрынғы «Кең баба» саябағы аумағындағы заңсыз пайдаланылған 2,34 гектар жер учаскесі сот шешімімен мемлекет мұқтаждығына қайтарылып, ондағы коммерциялық нысандар алынып тасталды. Босатылған аумақта жапон мәдениетінің ерекшеліктерін бейнелейтін «Жапон» саябағы қалыптастырылды. Мұнда сакура аллеялары, бамбук тоғайлары, сәндік тоғандар, сарқырамалар мен демалыс аймақтары орналасқан.
Сол сияқты бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының аумағы да мемлекет мұқтаждығына қайтарылып, заңсыз құрылыстар бұзылды. Оның орнына заманауи талаптарға сай «City Park» саябағы жаңғыртылды. Аумақта субұрқақ, су аллеясы, жасанды көл, амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары мен мұз айдыны қарастырылған. Жалпы, екі жоба аясында 7,2 гектардан астам аумақта тұрғындарға арналған жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болды.
Қаланы көркейту мен жасыл желектер көлемін арттыруда гүлзарлар мен сәндік өсімдіктердің де маңызы зор. Биыл қала аумағындағы негізгі магистралдық көшелерге қаланың символына айналған 1,6 миллион біржылдық қызғалдақ және 1,6 миллион көпжылдық гүл отырғызылды. Сонымен қатар, жалпы аумағы 48 мың шаршы метрді құрайтын арнайы гүлзарлар жасақталып, оларға сәндік бұталар мен гүлдер егілді.
Көгалдандыру жұмыстары Темірлан тас жолы, Қазыбек би, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдары, Қабанбай батыр, Айбергенов, Республика, Бейбітшілік, Бауыржан Момышұлы, Тәуке хан, Түркістан, Ильяев және Желтоқсан көшелері мен Әл-Фараби алаңын қамтыды.
Су ресурстарын үнемдеу және жасыл желектерді күтіп-баптаудың тиімділігін арттыру мақсатында жалпы ұзындығы 73 шақырым тамшылатып суару жүйесі мен 30 шақырым автоматты суару жүйесі орнатылды. Бұдан бөлек, қаланың 10 көшесі мен жолайрығында тік көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 1782 гүлді вазон қойылды. Атап айтқанда, Бақбаев, Темірлан тас жолы, Шаяхметов көшелері, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдары, Рысқұлов көшесі мен Арғынбеков көшесінің жолайрықтары және басқа да аумақтар қамтылған.
Қаланың табиғи байлықтарының бірі – Қошқар ата өзені. Шымкент аумағы арқылы 20,1 шақырымға созылатын өзен жағалауын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама су айдындарының тазалығын сақтаумен қатар, қала тұрғындары үшін қолайлы серуендеу және демалыс орындарын қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Елтай тұрғын алабында төтенше жағдайдың салдарын жою және монолитті канал салу жұмыстары қолға алынған. «Гидропроект KZ» ЖШС әзірлеген жобаға сәйкес, «Елтай» каналының 910 метр арнасын бетондау және 1700 метр ЛР10 маркалы Г-тәрізді науа орнату көзделген. Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Құрылыстың сметалық құны – 599,526 миллион теңге. Оның ішінде қосылған құн салығы 82,693 миллион теңгені құрайды. Қаржыландыру 2026 жылғы 20 мамырдағы №4 хаттаманың 3-тармағына сәйкес қалалық бюджет резерві есебінен қарастырылған. Ал 30 маусымда жобаға қатысты №5 салалық қорытынды берілген.
Қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуда тұрмыстық қалдықтарды басқару, оларды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жетілдіру айрықша маңызға ие. Осы бағытта Шымкентте заманауи технологияларға негізделген бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Соның бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт құрылысы. Жобаны іске асыру үшін SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING KAZAKHSTAN CO., LTD компаниясымен инвестициялық келісім жасалған. 2026–2028 жылдарға жоспарланған жобаның жалпы инвестициялық құны 100 миллион АҚШ долларын құрайды.
Зауыт тәулігіне 1000 тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдеп, қуаттылығы 24 МВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл бастама қоқыс көлемін азайтуға, қалдықтарды кәдеге жаратуға және баламалы энергия өндіру әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта қала әкімдігі тарапынан қоқыс полигонына жақын орналасқан жалпы көлемі 12 гектар жер телімі инвесторға беріліп, мемлекеттік акт рәсімделген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін электр және сумен жабдықтау жүйелеріне қосылу схемалары айқындалып, тиісті техникалық шарттарға сәйкес инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу мәселелері қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамыту мақсатында Clean Village ЖШС-мен 10 жыл мерзімге келісім жасалған. Жоба бойынша жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптауға қауқарлы зауыт салу жоспарланып отыр. Осы мақсатта 8 гектар жер телімі сенімгерлік басқаруға беріліп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Кәсіпорынды 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерімен күрес те тұрақты бақылауда. Ағымдағы жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімдері негізінде қала аумағынан 30 заңсыз қоқыс орны анықталған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аталған аумақтардың барлығы тазартылып, қоқыс үйінділері толық жойылды. Қайтадан қоқыс төгуге жол бермеу мақсатында тиісті орындарға бетон блоктар мен өзге де шектеу құрылғылары орнатылған.
Экологиялық акциялар мен тазалық жұмыстарының маңызын арттыру мақсатында атқарылған шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда. Бұл тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, жасыл желектер көлемін арттыруға және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға бағытталған.
Бұрынғы қоқыс полигонының орнына Экопарк салу, саябақтарды қайта жаңғырту, миллиондаған гүл отырғызу, суару жүйелерін жетілдіру, қалдықтарды өңдейтін заманауи кәсіпорындар ашу – осы бағыттағы кешенді жұмыстың нақты көрінісі. Алдағы жобалардың жүзеге асуы қаланың экологиялық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындар үшін жайлы әрі таза ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өйткені таза қала қалыптастыру тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, ол – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қоршаған ортаны қорғау мәдениеті күнделікті өмір салтына айналғанда ғана Шымкенттің жасыл келбеті мен экологиялық тұрақтылығы арта түспек.



