Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі – ана тілінің ел болашағындағы маңызын айқындайтын тағылымды ой. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған шарада осы құндылық кеңінен дәріптелді. Тағылымды жиын қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасымен сабақтасты.
Тіл өзара түсіністік пен бірліктің кілті. Тағылымды сағат Пушкин атындағы кітапханада ұйымдастырылды. Аталмвш шараның мақсаты тілдің қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді қалыптастырудағы маңызын көрсету, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру. Танымдық сағат барысында тілдің адам өмірі мен қоғамдағы орны, тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, көптілділіктің маңызы және Қазақстандағы этносаралық татулық тақырыптары кеңінен сөз болды. Іс-шараға филология саласының мамандары мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында оқушылардың білімін арттыруға бағытталған арнайы ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, өзге тілдердегі сөздер мен амандасу үлгілерін ажыратып, білімдерін сынады. Танымдық сағат соңында қатысушылар тіл – ұлттың рухани негізі екенін атап өтті. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды кездесулер жастардың тілге деген қызығушылығын арттырып, өзге мәдениеттерге құрметпен қарауына ықпал ететінін жеткізді.











