Бүгінде цифрлық сервистер азаматтарға өзіне көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты тексеріп, олардың сапасына баға беруге мүмкіндік береді. Егер электронды жүйеде тіркелген мәліметтер мен нақты алынған медициналық көмектің арасында сәйкессіздік болса, тұрғындар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жолдай алады. Бұл мүмкіндіктер «Халықтық бақылау» жүйесі арқылы кеңейіп келеді. Шымкентте аталған бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Қала тұрғындары МӘМС аясында қандай медициналық көмектерге қол жеткізе алады?Осы және өзге де сұрақтарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева жауап берді.
– Сәуле Сансызбайқызы, соңғы уақытта медициналық қызметтердің ашықтығы мен пациенттердің өз құқықтарын қорғауы жиі айтылып жүр. «Халықтық бақылау» жүйесі осы бағытта қандай мүмкіндік беріп отыр?
Дұрыс айтасыз, МӘМС жүйесінде халықтық бақылау күшейіп, пациент мүмкіндігі кеңеюде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Цифрлық сервистер арқылы азамат өзіне көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты тексеріп, қызметті алғанын растай алады, оның сапасына баға беріп, қажет болған жағдайда Қорға жүгіне алады. Мұндай тетіктер медициналық көмектің ашықтығын арттырып, халықтың бақылауын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар МӘМС жүйесі тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің түрлері мен қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта Қор медициналық қызметтерді бақылаудың цифрлық тетіктерін кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Солардың бірі – Qalqan цифрлық сервисі. Пациент медициналық ұйымға барған кезде арнайы QR-кодты сканерлеп, өзінің келгенін және медициналық қызмет алғанын растай алады. Бұл қызметтің нақты көрсетілгенін бақылауға және көрсетілмеген медициналық көмекті есепке жазу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Qalqan дәрігердің емдеу жұмысына араласпайды. Оның міндеті – медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растау, медициналық ұйымдардың есептілігіндегі ашықтықты арттыру және МӘМС қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал ету.
— Qalqan Шымкенттегі барлық медициналық ұйымдарға енгізілді ме?
— Бүгінде Шымкент қаласында МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін 174 медициналық ұйым Qalqan платформасына қосылған. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік медициналық ұйымдар. Яғни қаладағы МӘМС жүйесінің медициналық қызмет көрсетушілері үшін пациенттің қызмет алғанын цифрлық түрде растауға мүмкіндік беретін бірыңғай тетік қалыптасып отыр.
– Азаматтар өзіне көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпаратты eGov Mobile қосымшасынан да көре алады. Бұл мүмкіндік қалай жүзеге асады?
– Иә, eGov Mobile қосымшасындағы «Денсаулық» бөлімінің «Медициналық қызметтер тарихы» тарауында азамат өзіне көрсетілген медициналық көмектің атауын, күнін, уақытын және қаржыландыру көзін көре алады. Егер электронды жүйеде өзі алмаған медициналық қызмет тіркелгенін немесе мәліметтер нақты жағдайға сәйкес келмейтінін байқаса, Қорға өтініш жолдауына болады. Мұндай өтініштер бойынша тексеру жүргізіліп, сәйкессіздік расталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Бұл – азаматтардың өз денсаулығына қатысты ақпараттан хабардар болуына және медициналық қызмет көрсету процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
– Жалпы, Шымкент тұрғындары медициналық көмекке қатысты қандай мәселелермен жиі жүгінеді?
– Жыл басынан бері Қордың Шымкент қаласы бойынша филиалына тұрғындардан жалпы 687 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға аз. Өтініштердің 406-сы медициналық ұйымдардың Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтері арқылы жедел шешімін тапты. Тұрғындардың өтініштері медициналық қызметтің қолжетімділігіне, дәрігер қабылдауына жазылуға, жолдама алуға және басқа да мәселелерге қатысты. Әрбір өтініш жеке қаралады. Егер мәселе медициналық ұйым деңгейінде шешілмесе, Қор өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Біз үшін азаматтардың өтінішін қабылдау ғана емес, оның шешімін табуына ықпал ету маңызды. Өйткені әрбір өтініштің артында нақты адамның денсаулығы мен медициналық көмекке деген қажеттілігі тұр.
- Бүгінде қала халқының МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекпен қамтылу қарқыны қандай?
– Қазіргі таңда қалада шамамен 1,1 миллион тұрғын МӘМС жүйесімен қамтылған. Жүйе аясында сақтандырылған азаматтар медициналық көрсетілімдерге сәйкес консультациялық-диагностикалық көмек, зертханалық және аспаптық зерттеулер, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмек және басқа да қызметтерді ала алады. МӘМС-тің маңызды ерекшелігі – медициналық көмектің көлемі азаматтың төлеген жарнасына тікелей байланысты емес. Жарналар ортақ жүйеге түседі, ал медициналық көмек адамның қажеттілігіне қарай қаржыландырылады. Сондықтан сақтандырылған азамат қажет болған жағдайда өзі төлеген жарналардың жалпы сомасынан әлдеқайда қымбат медициналық көмек ала алады.
– Жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша қалада қандай мүмкіндіктер бар?
— Бұл бағыттағы мүмкіндіктер де кеңейіп келеді. Жыл басынан бері Шымкент қаласында МӘМС есебінен 500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетіліп, оған 3,2 млрд теңге бағытталды. Жалпы, жоғары технологиялы оталардың құны олардың күрделілігіне, диагнозға және қолданылатын медициналық технологияларға байланысты. МӘМС есебінен белгіленген тарифтерге сәйкес хирургиялық араласу, қажетті медициналық материалдар, импланттар, анестезиологиялық көмек және стационарда емделу шығындары өтеледі. Осылайша, МӘМС жүйесі қала тұрғындарына қаржылық мүмкіндігіне қарамастан күрделі әрі қымбат медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – осындай медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың қымбат операция құнына байланысты емделуді кейінге қалдырмауына жағдай жасау.
— Медициналық оңалту да тұрғындар арасында сұранысқа ие. Бұл бағыт қалай дамып жатыр?
— Иә, оңалту көмегіне сұраныс жоғары. Қазіргі таңда Шымкентте медициналық оңалту қызметін 30-ға жуық медициналық ұйым көрсетеді. Оңалту инсульт алған, ауыр жарақаттанған, кардиохирургиялық операциядан өткен пациенттер үшін маңызды. Сонымен бірге созылмалы аурулары бар азаматтарға да қажет. Балаларға арналған оңалту көмегіне де ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының туа біткен патологиялары және басқа да аурулары бар балалар қажетті медициналық көмекті кезең-кезеңімен алып келеді.
— Ал диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі туралы не айта аласыз?
— Консультациялық-диагностикалық көмек – МӘМС жүйесіндегі ең сұранысқа ие бағыттардың бірі. Қазір Шымкентте мұндай көмекті 100-ден астам медициналық ұйым көрсетеді. Тұрғындар компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, зертханалық зерттеулер, бейінді мамандардың консультациялары сияқты қызметтерді алады. Бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткен жөн. КТ, МРТ немесе қосымша зерттеулерді пациент өз бетінше тағайындай алмайды. Мұндай шешім медициналық көрсетілімдерге сүйене отырып, емдеуші дәрігердің құзыретінде қабылданады. Бұл қажетсіз зерттеулердің алдын алып, медициналық көмекті нақты қажеттілікке қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
– Сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектің қандай түрлерін ала алады? Қоғамда бұл мәселеге қатысты түсінбеушілік әлі де кездеседі.
– Кейде «сақтандырылмаған болсаң, барлық медициналық қызмет ақылы» деген пікір айтылады. Бұл дұрыс емес. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтар да Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде бірқатар қызметтерді ала алады. Олардың қатарында жедел және шұғыл медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, сондай-ақ туберкулез, АИТВ, онкологиялық және басқа да әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі медициналық көмек бар.
Ал МӘМС жүйесіне қатысу медициналық көмектің кеңейтілген спектріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан әр азамат өзінің сақтандыру мәртебесін тексеріп, қажет болған жағдайда оны реттегені жөн.
– Сұхбатымызды қорытындыласақ, медициналық қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуде пациенттің белсенділігі қаншалықты маңызды?
— Өте маңызды. Медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету тек медициналық ұйымдар мен Қордың міндеті емес. Пациенттің де бұл процеске қатысуы қажет.Азамат өзіне көрсетілген қызмет туралы ақпаратты қарап, оның нақты алынғанын растай алады, сапасын бағалай алады. Егер қандай да бір мәселе туындаса, оны медициналық ұйымға немесе Қорға жеткізуге мүмкіндігі бар. Цифрлық сервистердің дамуы осы мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр. Халық бақылауға белсенді қатысқан сайын медициналық қызмет көрсету процесіндегі ашықтық та арта түседі.
Біздің басты мақсатымыз – МӘМС қаражатының нақты көрсетілген медициналық қызметке жұмсалуын қамтамасыз ету, медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және тұрғындардың қажетті медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ең бастысы – пациент өзіне қандай медициналық көмек көрсетілгенін біліп, қажет жағдайда өз құқығын қорғай алуы керек.



