Аттаныс
«Тауда екі арқар сүзіссе, төмендегі арқардың мүйізі сырқырайды» дегенді бағзы бабалар текке айтып кетті ғой деймісіз. Моңғолиядағы Қобда өзені жағасындағы Баян-Өлгей аймағын топан су басып қалып, жергілікті тұрғындарды орасан зор шығынға ұшыратты. Су тасқыны салдарынан 700-ге жуық адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты деген суыт хабар бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Өйткені, осы өлкеде қазақ бауырларымыз көп екенін бәріміз білеміз. Сондықтан да алыстағы ағайын қиын жағдайда қалғанда атажұртта отырған қандастардың жүректері ауырмауы мүмкін емес еді. Бұған ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатты алаңдады. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті Моңғолияға шұғыл аттандырды.
Малы суға кетсе де салы суға кетпеген өр қазақ қанша қиындық көрсе де жасымапты. Елдіктің, өрліктің, ел болмақтың үлгісін танытып Премьер-Министрге аппақ арғымақ сыйлады. Иығына шапан жапты. Қазақшылығымызды танытты. «Е, бәсе!» деп үйде отырып қуандық. Жанарларға шық қонақтады. Бауырластығын қай жағдайда білдірмесе, қазақ қазақ болар ма? Шіркін, қан дегенді қойсаңшы бұл.
Премьер-Министр Қазақстан тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, сондай-ақ, жастардың білім алулары үшін гранттар бөлінетінін жеткізді. Атамекеніне келіп білім нәрімен сусындаған қандастарымыздың арманы жоқ-ау, сірә, деп те ойладық. Осы сапарда Кәрім Мәсімов Баян-Өлгейдің жергілікті атқару органдарымен бірге осы аймақтардан Қазақстанға көшіп барған оралмандар үшін салынатын балалар бақшаларының құрылысы, зейнетақыларын реттеу, екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін де талқылаған. Демек, барыс-келіс жеңілдейді деген сөз бұл. Енді бұған қуанбағанда неге қуанасың? «Бір қайғының бір қуанышы болады» деген бәлкім, осы шығар.
Баян-Өлгейдегі қайғылы жағдай оңтүстік жұртшылығын да бейжай қалдырмады. Облыс жастары үндеу қабылдап, қоғам белсенділері үн қосып, облыс әкімдігінің қызметкерлері де бір күндік жалақыларын көмек қорына аударған. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың қолдауымен гуманитарлық көмек қандастарымызға аттанды.
Оңтүстік халқының көмегімен ұн, басқа да азық-түлік, киім-кешек жиналды. Бейбіт Бәкірұлы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына аттанғалы тұрған қоғамдық делегацияны қабылдап, сәт сапар тіледі, алыстағы ағайынға дұғай сәлем айтты.
Шымкенттен шыққан автокеруен Моңғолияны бетке алды. Осы делегациямен бірге «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы ақпараттық қолдау көрсету үшін делегация құрамына енді. Айта кетейін, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков делегациядан өз сәлемдемелерін беріп жіберуді ұмытпады.
Аягөз асып Өскеменнен өткен соң, Ресейдің Рубцовск, Змейногорск, Барнаул, Таулы Алтай қалаларын артқа тастап, Моңғолиямен шекаралас жатқан Қосағаш ауданына да жеттік. Өлгейдің кіре берісінде Алтайға ел қондырған Жәнібек Бердәулетұлының ескерткіші орнатылыпты. Қос бөріні қасына ерткен Ер Жәнібек Ресей, Моңғолия, Қытай елдеріне тараған ұрпақтарына «Бірігіңдер!» деп тұрғандай. Шымкенттен Баян-Өлгейге дейін 4000 шақырым жол жүрдік.
Тасқыннан түнек төнсе де…
Расында, төтеннен болған тасқын үлкен қасірет әкеліпті. 1500 адам баспанасыз қалған. Қираған үйінділер үстінде тұрғындардың дүние-мүлкі шашылып жатыр. Су үстінде қалқып жүрген заттар да көзге шалынады. Судың деңгейі белден асыпты. Тұрғындар дүние-байлыққа қарамаған. Олар тек жан амандығын Құдайдан тілепті.
Менің ойыма 1991 жыл түсті. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған үлкен зілзала естен шығар ма? Зайсандағы зілзала кезінде үш жасар Біржан есімді сәби қаза тапқан еді ғой. Міне, сонда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаралы отбасына арнайы барып, отағасы мен отанасына көңіл айтқан болатын. Бұл Елбасымыздың азаматтық бейнесінің, адамгершілік деңгейінің қаншалықты биіктігін паш еткен оқиға еді.
Баян-Өлгейде де үш жасар сәби Ақтілек Бейсенбекұлы алапат тасқынның құрбаны болыпты. Әке-шешесі ұлы дүние есігін ашқанда ырымдап есімін Ақтілек қойғаны белгілі. Тағдыр кейде адамдардың тілеуін қабылдай бермейді. Иә, жазмышқа не шара? Қаралы отбасына арнайы соғып, көңіл айтып, мына жарық дүниенің есігін ашып үлгермей жатып о дүниелік болған арман бала – Ақтілектің рухына құран бағыштадық.
Қами Жусанбайқызы – 76 жастағы кейуана. Онсыз да денсаулығы сыр беріп жүрген ол тасқыннан соң тым төмендеп қалыпты. Үй-күйінен айырылған оның бүгінгі тіршілігін көріп, жүрегіміз сыздады. Атамекен деген үлкен құдірет екенін осында сезінгендей болдық. Қами әжей өзінің осы күйіне қарамастан атажұрттағы туыстарының амандық-саулығын бір Құдайдан сұрап отыр. «Ел аман ба, жұрт тыныш па?» дейді ол. Біз қарт әжеге Қазақстандағы хал-ахуалды, көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты арқасында қарыштап алға басып келе жатқанымызды, Тәңірі жазса, дамыған 30 елдің қатарына қосылар күн таяу екенін, келесі жылы Отанымызда ЭКСПО көрмесі өтетінін мүмкіндігінше ұғынықты тілмен айтып бердік. Осыны естіп Қами әже қамыққанын қойып, марқайып қалды. Туған жердің құдіреті деген, бәлкім, осы шығар.
Сынған домбыраны қолына ұстап тұрған Олжас деген баланың суреті әлеуметтік желіде тарап кеткені белгілі. Осы балаға таяуда ғана ат ауыстырып мінген еліміздегі танымал азаматтардың бірі Берік Уәли жаңа домбыра сыйлаған болатын. Олжастың жанарынан жалт еткен жалын көрдік.
Қазақстандық делегацияны Баян-Өлгей аймағы Құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы мен Баян-Өлгей аймағының әкімі Дәрмен Құзыкейұлы қабылдап, қиын-қыстау кезеңде қолұшын созған қандастарға алғыс сезімдерін жеткізді. Аталған екі азамат атынан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловқа Алғыс хат дайындап, бізге сәлемдемемен бірге беріп жіберді.
Баспанасыз қалып, киіз үйлерді паналап отырған баянөлгейліктер қазақстандық делегацияға дән ризашылығын, алғыстарын білдіріп жатты. Біз азық-түлікпен қоса, қаржылай да көмек апарған едік. Олар жаңа үй салу үшін ағаш керектігін құлаққағыс етті. Біз олардың өтініштерін қанағаттандырдық. Жергілікті билік аса мұқтаж отбасыларына азық-түлікті теңдей таратып берді.
Тасқыннан түнек төнсе де қаймықпаған қандастарымызға разы болдық.
Сағыныш түбі – сүйініш
Алыстағы ағайынға деген сағынышымыз бір басылмай-ақ қойды. Ондағылар қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік сақтапты. Жергілікті тұрғындар көшелерде қазақы шапан мен тақия киіп жүреді. Ер кісілер былғары етік киеді. Халқы сондай қонақжай. Кісі жатырқамайды. Олар атакәсіппен мықтап айналысады екен. Мұнда ауыл шаруашылығы өркендеген. Дүкендерінде түйе жүнінен тоқылған киімдер мен түлкі тымақтар, былғары аяқ киімдер, мүйіз сапты бәкілер толып тұр. Кей шаруаның қорасынан 3 мыңға дейін ірі қара өріске шығатын көрінеді.
Алыстағы ағайын ұлттық өнердің отын өшірмепті. Мұнда ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, балуандар күресі, аламан бәйге, көкпар, қыз қуу, бүркітшілер сайысы жиі өтіп тұрады екен. Жастардың бәрі домбырамен ән айтады. Ән салғанда дауыстарынан елге деген сағыныш лебі есіп тұрғандай әсерге бөленесіз. Шіркіндердің домбыра шертістері қандай? Әуезді әндері қандай?!
Баян-Өлгей аймағына барып тұрып, осы өңірдің тыныс-тіршілігімен таныспай кету мүмкін бе?
Баян-Өлгей аймағы (моңғолша Баян-Өлгий аймағы, қазақша балама аты – Бай-Өлке, Байбесік) – Моңғолияның 21 субъектісінің батыстағы ең биік таулы аймағы. 1940 жылы құрылған. Аймақ орталығы – Өлгий қаласы. Аймақ 13 сұмы мен 90 бақтан тұрады.
Баян-Өлгей аймағында 91 мың 470 халық тұрады. Халқының 93 пайызы қазақтар, қалғаны моңғолдың ұраңқай руы мен тыва ұлтының өкілдері. Өлгей қаласындағы халық саны – 34 мың. Моңғолиядағы қазақтар ең көп шоғырланған аймақта басқа ұлттардан тывалар, моңғолдың дөрвөд этностық тобы және ұранқай мен халха моңғолдар бар.
Музыкалық драма театры, кітапханалар жұмыс істейді. «Жаңа дәуір», «Моңғол Заман», «Білім» басылымдарының таралымы 3-4 мыңның төңірегінде. Моңғол телеарналарымен қатар, Қазақстан Үкіметінің қолдауымен қазіргі таңда аймақ халқы «Қазақстан», «Хабар», «Астана», «КТК», «Жетінші арна», Kazsport, «Асыл арна» және «31 арна» арналарын көре алады екен. Сондай-ақ, Моңғол ұлттық радиосының аймақтық бөлімшесінің қазақ тіліндегі 1 сағаттық бағдарламасы таратылады. Аймақ орталығында 4 FM радио стансасы, қазақ тілінде «Дербес», «Наз», «МНВ Баян-Өлгий» телеарналары, KAZNEWS, BAIOLKE веб-порталдары жұмыс істейді.
Баян-Өлгей аймағының негізгі саласы – мал шаруашылығы. Аймақта 11 мың шамасында шаруашылық бар. Жыл сайынғы өндірілетін 200 мың тонна ет, 900 тоннаға дейін қой жүні, 300 мың данаға дейін әртүрлі малдың терісін өткізетін шаруашылығы аймақ халқының сұранысын қанағаттандыра алады.
Аймақ бойынша 43 білім беру мектебі бар. Олардың 38-і қазақ тілінде, екеуі моңғол және тыва тілінде білім береді. Өлгей қаласында 12 жылдық бес орта мектеп, Дарын, Билгэ Тегін орта мектебі, Бастама мектебі, Зайд мектебі, Моңғол-Түрік бірлескен лицейі, Қобда университетінің филиалы және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалы жастарды білім нәрімен сусындатады.
Сағынышымызды арқалап елге оралып келеміз. Ойымызға Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты Жолдауындағы «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тең және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар арманы айқын көрінеді», деген сөздері еске түсті. Елбасының осы ойлары «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында одан әрі жалғасын тапты.
Біз «әр қазақ менің жалғызым» деп өмір сүргенде ғана Мәңгілік Ел болу арманын жүзеге асыра алатын боламыз.
Баян-Өлгей сапарынан көңілге түйгеніміз осындай ойларға жетелеп еді.
Дулат ӘБІШ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
www.egemen.kz сайтынан алынған