Бұл туралы бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес барысында айтылды.
«Бүгінде Кентау қаласы қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Индустриялық аймақ құрылды, 200-ден астам кәсіпкер жеңілдетілген несие мен грантқа қол жеткізді. Трансформатор өндірісінің қазақстандық қамтуын арттыру мақсатында жаңа өнім түрлерін шығару қолға алынып, 3,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды», — деді телекөпірге қосылған Оңтүстік Қазақстан облысы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Трансформаторлар бойынша жетекші құрастырушы Адасбай Ыстыбаев.
«Оңтүстік Қазақстандағы Кентау трансформатор зауыты басқа жерлерде де филиалдарын ашып, өресі кеңейтіп жатыр. Елге қажетті өнім шығарып, оның бағасын бәсекеге қабілетті етіп, ары қарай жұмыс жасай берсеңіздер, Кентау қаласының жағдайы жақсы болады. Кентау деген әдемі қала. Қуанамын, құттықтаймын, осы өндірісте жақсы жұмыс істеп, жағдайлардың түзетіп, елімізді қуанта беріңдер», — деді Мемлекет басшысы Кентау қаласының тұрғындарына қарата айтқан сөзінде. Бүгінде аталмыш өндіріс орны толықтай жаңғыртудан өткен. Жаңа өнім түрлерінің өндірістері игеріліп, 300 жаңа жұмыс орындары ашылған.Кентауды индустриаландыруда ары қарай қолдау үшін индустриалдық аймақ құрылып, онда 2 жаңа жоба іске асырылуда. Олардың бірі жиынтық бөлгіш жабдықтардың өндірісі бойынша цехтың құрылысы болса, екіншісі трансформаторлар үшін жиынтық жабдықтардың өндірісі.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі