Бүгін Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай Қазақстан Республикасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Оқиға орнына шұғыл жеткен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев төтенше жағдайды өз назарына алды. Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен қоғамдық штаб жұмыс жасап жатыр. Жарылыстардың көлем мен масштабы белгілі болғаннан соң, эвакуациялауға кіріскен. Арыс қаласынан тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіріле бастады. Түркістан облысының әкімдігі қаладағы жағдайды сәт сайын қадағалап отыр. Бұл туралы Ордабасы ауданының Ақжол ауылындағы Жамбыл орта мектебінде шұғыл жағдайда брифинг өткізіп жатқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Сонымен қатар, медициналық жедел қызмет көрсету пункттері жұмыс жасап жатқандығын айтты.
Ал, брифингте сөз алған ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев төтенше жағдай кезінде қаза тапқан азаматттың отбасына көңіл айтып, жарақат алғандарға рухани дем берді.
Сондай-ақ, министр ол жерде радиоактивті снарядтар және оқ-дәрілер сақталмағандығын айтып отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 31 адам әр түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемелерге келіп түскен. Оның ішінде 2-еуі ауыр жағдайда. Қалғандары орташа жарақат алғандар. Қазіргі таңда оқиға орнына 800 әскери жұмылдырылған. 1600-ден астам адам қауіпсіз жерге көшіріліп отыр.
«Айғақ-Ақпарат»