Шымкент қаласында Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған «Ер есімі-ел есінде» салтанатты іс-шарасы өтті. Шара аясында қан майданда отанды қорғаған жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін жаңғыртатын «Батырларға тағзым» шеруі өтті. Оған Отан үшін от кешкен майдангерлердің бір мыңға жуық ұрпағы қатысты.
Мерекелік шара Абай саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасын тапты. Шараға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтады.
Мұнан соң, Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, ардагерлерге дала ботқасы ұсынылды.
Айта кетейік, сұрапыл соғыс жылдары Шымкент қаласында майданға 23 мыңнан астам азамат аттанып, соның 11 мыңнан астамы майдан даласында мәңгілікке қалған. Қазіргі таңда қалада Ұлы Отан соғысының 54 ардагері және 4276 оларға теңестірілгендер мен тылда еңбек еткендер тұрады.