Ақтөре мен Арайлым — жас мемлекеттік қызметшілер. Бірі Бəйдібектің, енді бірі Шымкенттің тумасы. Елбасының шешімін асқан жауапкершілікпен қабылдаған олар рухани астанаға қызметін ауыстырып, жұмыстарын əрі қарай жалғастырып жатыр. 24 жастағы Ақтөре Болатұлы Түркістан облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері. Болашақ жары Арайлымды да осында жолықтырған. Ол Түркістан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінде жұмыс жасайды. Жас мамандар Түркістанда өткен кезекті шаралардың бірінде кездейсоқ танысып қалады. Жолдастық — махаббатқа ұласып, жаңа жылдың қарсаңында отау тігіп отыр.
Салтанатты жиынға арнайы келген Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебев жас жұбайларға ақ тілегін арнады. Шара барысында Облыс орталығында салынып жатқан көп қабатты үйлердің бірінен қызметтік пәтер алуға сертификатты тапсырды. Айта кетейік, Ақтөре мен Арайлым Түркістанға келіп, шаңырақ көтерген мемлекеттік қызметшілердің арасындағы алғашқы жұп.
Жас отбасының шаңырағы шаттықтан тұрсын дейміз!
Салтанат Тойболова