Қазақстан шын мәнінде, қоғамның құрамдас бөлігіне айналған барлық этностар мен конфессия өкілдерінің туған шаңырағы бола білді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық диологтың бірегей алаңына айналды. Алайда, ұдайы өзгеріп, құрылып тұратын күрделі кезеңде осы жетістіктерді қанағат тұтып, тоқмейілсуге болмайды деп санадым. Сондықтан «Қазақстан-2050» стратегиясында «Жаңа қазақстандық патриотизм» тезисін тұжырымдадым. Елімізбен мақтанғанымыз жөн, бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Патриотизм мәселесіне прагматикалық және реалистік тұрғыдан қарауымыз керек.
Жаңа кемел қазақстандық патриотизм – тең мүмкіндіктер және жалпы жауапкершілік. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Жаңа қазақстандық патриотизм – ХХІ ғасырда Қазақстанның табысты болуына өз үлесін қосатын барлық этностардың тұтас патриотизмі .
Десек те қоғам бірлігінің, қазақ жеріндегі тыныштықтың жауапкершілігі бізге, қазақтардың мойнына жүктелді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал екенін қайталап айттым.
Мемлекеттік кемелділік пен күш-жігердің нақты көрінісі – жаңа елордамыз – Астана қаласының бой көтеруі бірегей қазақстандық патриотизм тұжырымдамасында ерекше символдық мәнге ие болды. Мен бұл жайында 2013 жылдың желтоқсан айында ерекше атап өтіп едім. Астанаға деген махаббат – Қазақстан Республикасына – біздің ортақ Отанымызға деген әрбір қазақстандық перзенттік сезімі. Бұл – жаңа қазақстандық патритизмнің альфасы мен омегасы.
Этносаралық қатынастардың одан әрі дамуы 2013 жылғы ҚХА-ның ХХ сессиясының күн тәртібіне қойылды: «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр». Меніңше, бір халық – барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер, бір ел – барлығымыз үшін ортақ Отан, бір тағдыр – біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер. Бұл біздің ортақ перспективамыз – игілікті және өркендеген Қазақстан.
2014 жылғы Жолдауымда қоғамдағы бейбітшілік пен келісім оп-оңай жүзеге аспайтынын және ол ұлы құндылықтарымыздың бірі екенін еске салдым. Этносаралық келісім – өмір сыйлайтын оттегі. Біз оны демалып тұрғанда байқамаймыз, автоматты түрде жасаймыз – жай ғана өмір сүреміз. Өзіміздің бірлігімізді өзіміз сақтауымыз керек. Сырттан келіп, оны бізге ешкім де жасап бермейді. Бейбітшілік пен келісім – жалпыхалықтық игілік, оны әрбір күнгі еңбекпен қорғап, нығайтып отыру керек.
Қазақстан өзінің бірлігі үшін күресті және оны сақтап қала алды: 2014 жылы қарашада ЕҚЫҰ полиэтникалық қоғам құрудағы қазақстандық тәжірибенің озықтығын тағы бір рет мойындады.
Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің бәріне бірдей дәл Қазақстандағыдай қоғамдық бірлік пен этностық алуан түрлілікті құрылымды түрде ұштастыру жүзеге аса қойған жоқ.
Қазақстанның позитиві үлгісі басқа елдердің қайғылы оқиғалары аясында айрықша байқалды, тіпті Францияның президенті Франсуа Олланд 2015 жылдың қарашасында өзінің құрметін былай деп жеткізді: «Қазақстан – алуан түрлі дәстүрі бар халықтың ынтымақтастығы мен бірлігінің символы».
дереккөз: Елбасының кітабы, сурет — khabar.kz